Алматыда 48 оқушы астан уланды
Алматыда 48 оқушы астан ұшынып, ауруханаға түсті. Барлығы да республикалық физика-математика мектебінің балалары.
Қазір олар жұқпалы аурулар ауруханасында емделіп жатыр. Интернаттағы тағы 6 бала оқшауланып, медициналық бақылауға алынды. Осы жағдайға байланысты Денсаулық сақтау министрлігі жедел шара қабылдады. Мектепте тамақтану блогына тексеру жүргізіліп, санитариялық талаптардың бұзылғаны анықталды. Бес қаулы шығарылып, шектеу шаралары енгізілді және дезинфекция жүргізілді. Науқастармен байланыста болған адамдар медициналық бақылауға алынды. Мектеп басшылығы сұқбат беруден бас тартып, сабақтың 16 қазанға дейін онлайн болатынын жазбаша хабарлады. Ал дәрігерлер оқушылардың қажетті ем алып жатқанын айтты.
Ержан Сералин, Балалар қалалық клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасының директоры:
- Бактериологиялық, вирусологиялық анализдердің барлығын алдық. Олардың нәтижелері 1–2 күнде дайын болмайды, кейбірі 4–5 күнде дайын болады. Баланың ағзасы тез сусызданып кетуі мүмкін. Содан қауіптеніп, балалардың барлығын осында жатқызып, осы жерде регидратация жасап жатырмыз. Егер медициналық көмек дер кезінде көрсетілсе, балалар, Құдай қаласа, 2-3 күннің ішінде-ақ жақсы болып кетеді.