Өскеменде гематология орталығы ашылды

Бұл мекемеде болашақта ересектер мен балаларға онкогематология, кардиохирургия бағытында толық медициналық көмек  көрсетіледі.

Кешен көршілес Абай, Павлодар облыстарынан келетін сырқаттарды да қабылдауға қауқарлы. Мамандар мұндай озық технологиялы нысанның ел үшін маңызы зор деп санайды. Өйткені бүгінгі таңда ел бойынша қан ауруына шалдыққан 11 мың адам тіркеуде тұрса, соның мыңнан астамы Шығыс Қазақстан облысында. 

Гематология орталығы 38 мың шаршы метр аумақты қамтитын үш ғимараттан тұрады. 150 орындық мекеме онкогематология саласы бойынша медициналық қызмет көрсету сапасын еселей арттырады. Бірегей нысанның ашылуына ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев, Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова қатысты. Бүгінгі күні елімізде қан ауруына шалдыққан сырқаттардың 60 проценті тұрғылықты жерінен ем ала алмай, Алматы, Астанаға сабылып жүр. Бұл кешен осы олқылықтың орнын толтырмақ. 

Ақмарал Әлназарова, ҚР Денсаулық сақтау министрі:

- Бұл орталықтың негізі республикалық теңдесі жоқ деп айта аламын. Сондықтан қан ауруларына байланысты диганостикалық тәсілдердің, ең қиын жағдайлардың, ең күрделі зерттеулерді бір жерден өткізіп жүргізуге барлық толық мүмкіндіктер бар. Негізі Қазақстанның онкогематологиясын, оның ішінде балалар онкогематологиясын әрі қарай ілгерлетуге өзінің үлесін қосады деп білемін.

Мұнда діңгекті жасушаларды дайындау және алмастыру іске асырылады. Оны сақтайтын арнайы жабдықтар да қарастырылған. Дәрігерлер гибридті операция да жасай алады. 

Эльмира Ахметова, тілші:

- Бұл орталықта үш бірдей операция залы жабдықталған. Мамандардың айтуынша, күрделі ашық операция немесе шағын инвазивті операция да істеуге мүмкіндік бар. Сонымен қатар үш бірдей бағытта талдау жүргізетін озық үлгідегі зертханалық бөлім де жұмыс істейді. 

Кешеннің жалпы құны 84 миллиард теңгеден асады. Оның жартысы мемлекетке қайтарылған активтер есебінен. 

Нұрдаулет Сүйіндіков, ҚР Бас прокуратурасы Активтерді қайтару қызметінің бастығы:

- Қайтарылған активтерден жиналған қаражат арнайы мемлекеттік қорда жинақталады. Сол арнаулы мемлекеттік қордан осы орталық құрылысын аяқтауға және заманауи жабдықтармен қамтамасыз етуге 40 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді.

Келер жылы  бұл орталық республикалық мәртебеге ие болады. Мұнда балалар онкогематология саласындағы емдеу тәсілдерін жетілдіру мақсатында еуропалық дәрігерлерді жұмылдыру да көзделген. Гематология кешенінде сырттан келген науқастарды қабылдайтын пансионат та қызмет көрсетуге дайын.

Авторлары Эльмира Ахметова, Дмитрий Пыхтин

Сондай-ақ оқыңыз: