Алматыда 3 фармацевтика зауыты салынады

Елдің фармацевтика нарығының көлемі 1 трлн 285 млрд теңгеге жетті. Соңғы екі жылда нарық 31 пайызға өскен. Ал отандық дәрі-дәрмек өндірісі 37 пайызға артты, деп хабарлайды 24KZ.

Бұл туралы Үкімет отырысында Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова мәлімдеді. Сонымен қатар Алматыда үш жаңа фармацевтикалық зауыт салу жоспарланып отыр.

Шерхан Абзалұлы, тілші:

- Бас дәрігердің баяндамасынан елдегі дәрі-дәрмек өндірісі бойынша оң өзгерістерді байқауға болады. Тіпті өткен жылдың өзімен салыстырғанда өсім бар. Мәселен, биыл 157 млрд теңгенің өнімі өндірілді.

«Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 30%-ға жоғары», – дейді министр. Басы ауырып, балтыры сыздаған жандарға қажетті дәрі-дәрмек табылу үшін атқарылып жатқан жұмыстар ауқымды. Соңғы 2 жылда салаға салынған инвестиция 3 жарым есе өскен. Өзіміз түгілі өзге елге жіберілетін дәрі-дәрмек экспорты 1.9 есе өскен екен. Қазақстанда өндірілген препараттарға сұраныс Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Монғолия мен Молдава мемлекеттерінде де пайда бола бастаған. Енді медицина саласындағы ең басты жаңалықтың біріне тоқталсам. Алматы қаласында құны 134 млрд теңге болады үш бірдей фермацевтика зауыты салынады. Атап айтсам, Нобел компаниясы 53 түрлі дәрілік заттарды шығарады. Ал «Ромфарм» микробқа және қабынуға қарсы дәрілердің 101 түрін өндіреді. Соңғысы – «АлтИНФАРМ». Бұл компания онкологиялық аурулар мен қант диабетін емдеуге арналған 50-ден астам дәрі түрін шығарады.

Үкімет басшысының алдында баяндама жасаған бас дәрігер саладағы жетістіктерден бөлек бармақ басты, көз қысты әрекеттерді айтып берді. Белгілі болғандай, кей дәріханалар науқастарға тегін берілуі тиіс дәрі-дәрмекті саудаға салып, қалталарын қампитқан. Ал ақшаға құныққан енді бір кәсіпкерлер препаратты бекітілген бағадан қымбатқа сатқаны анықталған. Биыл тіркелген мұндай ірілі-ұсақты заң бұзушылықтар саны 800-ге жуықтайды. Кінәсі дәлелденгендерге әкімшілік хаттама толтырылып, айыппұл салынған. Нәтижесінде тегін дәрілерді заңсыз сату 20 есе азайған.

Сондай-ақ оқыңыз: