Алматыда «музыкалық аспаптар әлемі» көрмесі ашылды

Алматыдағы Ұлттық орталық музейде әлем халықтарының дәстүрлі аспаптары тоғысқан көрме ашылды. Экспозициядан қазақтың ұлттық аспаптарымен қатар, итальян, австрия, ұйғыр, өзбек, қытай және басқа халықтардың 50-ге жуық мұрасымен танысуға болады. Әр аспап өз халқының тарихынан сыр шертеді, деп хабарлайды 24KZ.

Көрмеге қойылған музыкалық аспап сан алуан. Бірі ағаштан, бірі темірден, енді бірін әзірлеуде мата қолданған. Әрқайсысының өзіндік жасалу техникасы бар. Мәселен, қытайлықтардың «гонг» аспабын мыс пен қалайыны балқыту арқылы жасайды. Дайын қосындына шебер балғамен соғып, қажет пішінге келтіреді.

Ернұр Рысбай, тілші:

– Қобызға ұқсас аспап моңғол халқында да бар. Ол – морин хуур. Екі аспаптың үні бір-біріне жақын болғанымен, пішіндері бөлек. Қобыздың шанағы жұмырлау келеді, ал морин хуурдікі төрт қырлы. Оның ішектері де аттың қылынан жасалады. Қобыз да, морин хуур да табиғаттың үнін, әсіресе жылқының кісінеген дауысын әсерлі жеткізеді. Сол себепті морин хуурдың мойнына жылқының басы бейнеленеді.

Сәуле Өтеғалиева, өнертану ғылымдарының докторы:

– Мұндай аспап қырғыз халқында да кездеседі. Ол «қылқияқ» деп аталады. Көрмеге қазақ халқының ең көне әрі қасиетті музыкалық аспаптары саналатын нарқобыз бен қылқобыз қойылған. Олардың көне аспаптар екеніне XI ғасырға тиесілі көне түркі сөздіктерінде осы аспап атауларының кездесуі дәлел бола алады.

Көрмеге келушілер қобыз бен домбыраның жасалу сәтіне де куә болды. Мұнда ширек ғасырға жуық ғұмырын ұлттық аспап жасауға арнаған Дәулетжан Үсенұлы шеберлік сағатын өткізді. Ол Абай, Махамбет, Құрманғазы сынды ұлы тұлғалардың домбыраларының көшірмесін музейлерге арнап жасаған.

Дәулетжан Үсенұлы, ҚР Ұлттық Орталық музейдің қалпына келтіруші маманы:

– Аспаптың беттақтайы жұмсақтау ағаштан жасалғаны дұрыс. Өйткені ол дыбысты жақсы шығарады. Ал шанағы мен мойны қатты ағаштан жасалғаны жөн. Себебі шанақ тербелісті беттақтайға жақсы жеткізеді.

Іс-шара аясында жас өнерпаздардан тұратын оркестр дәстүрлі музыкалық шығармалар ұсынды. Домбыра мен сыбызғының әуезді үні көрермен көңілінен шықты. «Музыкалық аспаптар әлемі» көрмесі ақпан айының ортасына дейін ашық болады.

Авторлары: Ернұр Рысбай, Мұхит Құдықбаев

 

Сондай-ақ оқыңыз: