Елордада дәрігерлер төсекке таңылған науқастарды 3D имплант көмегімен аяқтандырды
Ұлттық нейрохирургия орталығының мамандары сегіз науқастың зақымданған омыртқа бөлігін 3D имплантпен алмастырды.
Осылайша дәрігерлер бұрын өздігінен жүріп-тұра алмай, төсекке таңылған науқастарға көмектесті. Жаңа технологияны әзірлеп, тәжірибеге енгізуге неміс ғалымдары да атсалысқан.
Осыдан жеті жыл бұрын омыртқасындағы дерт салдарынан Гүлсара Асқарова өздігінен жүре алмай қалды. Ауруы асқынып, күнделікті өмірі азапқа айналды. Дәрігерлер бірнеше рет ем жүргізгенімен нәтиже болмады. Кейін оған омыртқасының зақымданған бөлігін алмастыру үшін арнайы 3D имплант орнатылды.
Гүлсара Асқарова, Қостанай қаласының тұрғыны:
- Омыртқам қатты ауыратын. Сүйек тіндері біртіндеп бұзыла бастады. Дәрігерлер бірнеше рет омыртқамның ішіне арнайы ерітінді құйып емдеген. Бірақ еш нәтиже болмады. Ауру одан әрі асқынып, жағдайым ауырлай түсті. Кейін Астанадағы мамандар осындай бірегей операция жасай бастағанын естідім. Әрине мұндай процедураның тәуекелі бар екенін түсіндім. Бірақ мүлдем жатып қалам ба деп қорықтым. Қазір өздеріңіз көріп отырғандай, өз бетіммен жүре аламын.
Мұндай имплант әр науқасқа жеке дайындалады. Алдымен омыртқаның компьютерлік және магнитті-резонанстық томографиясы жасалады. Соның негізінде оның үш өлшемді үлгісі құрастырылып, зақымданған бөліктің орнына қойылатын имплант жобаланады. Оны дайындауға шамамен екі апта қажет. Имплант арнайы құрылғының ішінде титаннан басылып шығарылады. Осылайша оның пішіні мен өлшемі науқастың омыртқасына дәл сәйкестендіріледі.
Талғат Керімбаев, Ұлттық нейрохирургия орталығы жұлын нейрохирургиясы бөлімінің жетекшісі:
- Стандартты импланттан айырмашылығы - ол анатомиялық науқастың ерекшелігі сәйкес келеді. Кифоз дейміз - ол импланттың отыруы, стандартты импланттардағы сияқты салдары болмайды. Науқастар тезірек өз қалпына келеді. Оңалу тез өтеді. Еркін аяғымен жүріп кетуіне болады.
Бұл технологияны отандық мамандар 2017 жылдан бастап зерттей бастаған. Олар неміс ғалымдарымен бірлесіп, импланттың беріктігі мен омыртқаға түсетін салмаққа төзімділігін тексерді. Операция жасау әдісі алдын ала зертханада пысықталды. Алғашқы имплант 2019 жылы орнатылды.
Талғат Керімбаев, Ұлттық нейрохирургия орталығы жұлын нейрохирургиясы бөлімінің жетекшісі:
- Операция кезінде бір омыртқа толық алынады. Бірақ жұлын сақталуы керек. Содан кейін біз әр науқастың ерекше анатомиясы бойынша осындай омыртқаның денесін 3Д имплантты арасына қойып, алдыңғы жағы, міне осылай екі жақтан осындай имплант қойылады. Артқы жағында мына омыртқаның отростогы дейміз, оның орнына басқа конструкция қойылады.
Қазір бұл әдіс омыртқасында ісік анықталып, сүйектің зақымданған бөлігін толық алып тастау қажет болғанда қолданылады. Мамандардың айтуынша, Қазақстанда жыл сайын шамамен 50 адамға осындай ота қажет. Әзірге жеке 3D имплант сегіз науқасқа орнатылған. Операция ғылыми жоба аясында тегін жасалып жатыр. Болашақта оны міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру есебінен жүргізу жоспарда бар. Ол үшін мамандар қажетті медициналық құжаттарды әзірлеп, жауапты ведомствоның қарауына ұсынбақ.
Авторы Дариға Ташенова