Жетісу облысындағы емдеу мекемелері 29 жедел жәрдем көлігімен толықты
Жаңа жыл қарсаңында Жетісу облысындағы емдеу мекемелері 29 жедел жәрдем көлігімен толықты.
Санитарлық автомобиль кілттері Талдықорған төрінде салтанатты түрде табыс етілді. Алғашқы медициналық көмек көрсетуге арналған техника, барлық қажетті құралдармен жабдықталған. 10 литрлік оттегі балоны да бар. «Су жаңа көліктер, қос өкпесі қабынған науқастарды ұзақ жолға тасымалдауға, қызмет сапасын жақсартуға мүмкіндік береді», - дейді сала мамандары. Ауруханалардың автопаркін жаңартуға жергілікті қазынадан 1 млрд теңгеге жуық қаражат жұмсалған.
Қанат Тұрысбекұлы, Кербұлақ аудандық ауруханасының бас дәрігері:
- Бұндай іс шара отыз жыл болмаған. Біз үшін үлкен мереке. Аудан өте үлкен. Сондықтан біздің ауданға 4 автокөлік беріп жатыр. Өткен жылы бір реанимобиль берген. Оның алдында тағы бір мәшине берген. Келесі жылы тағы берсе біздің саниатрлық автомобиль жаңарып қалады.
Арман Жансеңгіров, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:
- Біздің облыс бойынша 50 пайыз санитарлық автотранспорт ескірген. Бүгін 29 санитарлық автотранспорт алып жатырмыз. Келесі жылға 30 санитарлық авторанспорт аламыз. Алдағы үш жылда бәрін жаңартамыз.