Ішектің қабыну ауруларын анықтау мен емдеу мүмкіндігі артты
Елде ішектің қабыну ауруларын анықтау мен емдеу мүмкіндігі артты.
Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтында Крон ауруы мен, ойық жаралы колитпен күрестің жаңа технологиясы енгізілген. Соның арқасында Алматылық дәрігерлер, жазылмайтын дертті асқындырмай, адамдардың қалыпты өмір сүруіне жол ашты.
Крон ауруы аса қауіпті сырқаттың бірі. Жазылмайтын дерт тек ішектерді ғана емес, бүкіл асқазан-ішек жолдарын зақымдайды. Алматы облысының тұрғыны Алма Нұркенова екі жыл бұрын сырқаттанып, іші бүріп ауыра бастаған. Салмағы 37 келіге дейін түсіп, арықтап кеткен. Институт мамандары мұқият зерттей келе оның осы дертке шалдыққанын анықтапты.
Алма Нұркенова, Алматы облысының тұрғыны:
- Мен қатты қансырадым, бірнеше ай бойы тоқтамады. Оның неден болғанын осы институтқа келгенге дейін ешкім анықтай алмады. Осы жерде нақты диагноз қойылып, емдеу курсынан өттім. Қазір өзімді жақсы сезінемін, іш-құрылысым ауырмайтын болды.
Дәрігерлердің айтуынша дұрыс қойылған диагноз - тиімді емнің бастауы. Сондықтан Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институты биыл бірқтар жаңа технологияларды енгізіпті. Заманауи құрылғының бірі – МР-энтерография деп аталады. Соның арқасында емдеуде жақсы нәтиже көрсетуде.
Жанна Нұрымова, "Кардиология және ішкі аурулар" ҒЗИ бөлім меңгерушісі:
- Бұл әдіс арқылы біз ішектің қабыну аурулары, соның ішінде жаралы колит, крон ауруы, әртүрлі ішек аномалиялары, онкологиялық ауруларды анықтаймыз. Бұл әдістің артықшылығы науқасқа ешқандай ауру сезімін тудыртпайтын миниинвазивті әдістердің бірі.
Одан бөлек институт мамандары тоқ ішек пен аш ішекті жіті тексеру, емдеу мүмкіндігін арттыратын баллондық дилатация мен энтероскопия құрылғысын да игерген. Бұл технология ауруды түп тамырымен жоймаса да, асқынуды тоқтатып, толыққанды өмір сүруге жол ашады.
Гауһар Қожакеева, "Кардиология және ішкі аурулар" ҒЗИ бөлім меңгерушісі:
- Баллондық дилатация технологиясы осы жылы енгізілді. Әу басында бірнеше шеберлік сабағы өтті. Ол ішектің қабыну ауруларының асқынған түрлеріне шалдыққан науқастарға жасалады. Ішектің баллонды кеңеюі дегеніміз - жіңішкерген аймақтың ішіне үрленетін арнайы баллон арқылы органның тарылуын жою әдісі.
Айта кетейік, елімізде ішектің қабыну аурулары аса қауіпті болғандықтан мемлекеттік қаражат арқылы тегін емделеді.
Аршын Кемелжан, Мұхит Құдықбаев