Түркістан облысындағы ауылдарда медицина мамандары жетіспейді

Түркістан облысында 49 медициналық-санитариялық нысан салынатын болды.

Ауыл аймақтарда алғашқы көмек көрсетуге бағытталған мекемелердің құрылысы биыл басталады. Сала мамандарының айтуынша озық жабдықтар мен емдеудің заманауи әдІстері ауыл халқының денсаулығын жақсартуға көмектеседі. Сонымен қатар жастардың медицина мамандығына қызығушылығын оятуға серпін береді. Себебі өңірде маман тапшылығына байланысты қалаға қатынаушылар көбейген. 

Абдулхамид Әбдішүкіров 25 жылдан бері отандық медицинаға озық технологияларды енгізуге үлес қосып келеді. Былтыр Сайрам аудандық орталық ауруханасында 142 операцияға қатысып, әріптестерімен бірге адам жанына араша болды. Ал биыл 80 адамға иненің жасуындай ғана тесікпен күрделі операция тіліксіз жасалды. 

Абдулхамид Әбдішүкіров, Сайрам аудандық орталық ауруханасы хирургия бөлімінің меңгерушісі:

- Жылдан жылға операцияның саны көбейіп отыр. 32 төсек-орынды жылдан жылға көбейтіп, бүгінгі күні 40 орынға жетті. 5 хирург жұмыс істейді. Түнгі және тәулік бойы жұмыс істейтін хирургтар бар.

Заманауи медициналық мүмкіндіктер материалдық-техникалық базаға тікелей байланысты. Орталық ауруханаға 250 мыңға жуық адам тіркелген. Басы ауырып, балтыры сыздаған жанның диагнозын дәл табу үшін биыл магнитті-резонансты томография аппараты алынбақ. Ал бұған дейін жеткізілген ангиограф, лапароскопиялық эндоскопия күрделі опарацияларды жасауға көмектесті. Сондықтан салалық дәрігерлерді дайындау күн тәртібінен түскен емес. 

Бақыт Тұрлыбеков, Сайрам аудандық орталық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары:

- Былтыр 2 анистезиолог-реонимотолог мамандары жетпейтін еді. Оларды алдық. Бір детский анистезиолог-реонимотолог, бір взрослый реаниматолог-анестезиолог алдық. Сонымен қатар реаблитолог маманын оқытамыз Құдай қаласа. Аритмолог маманын оқытып аламыз.

Түркістан облысында медициналық маманның тапшылығы қатты сезіледі. Ауыл-аймақтарда созылмалы ауруы асқынған 218 мыңға жуық науқас жоспарлы емге жатқызылды. 15 мың адам облыстық ауруханаларға қатынап, дәрігерге қаралса тағы 6600-і Алматы, Астана қалаларында емделген. 

БЛИЦ:

- Әйеліме операция жасаттым. Өтін алды. Жаңа апараттармен жасады. Жақсы. Основной көреді ғой бұл жерде болмаса Ташкентке барады, қалаға барады. Сондай ғой. Қай жерде жақсы істесе сол жаққа барады.

- Мысалыға жұмыс істемеймін. 5 бала-шағасы бар адаммын. Айына 80 мың бала-шағаға түседі. 80 мың айлықтан қалай медстраховка төлеймін мен?! Жеке меншік поликлиникаға барып көрінеміз ауырсақ. Скорый келмейді шақырсақ бізге. Менің көңілімнен шықпайды.

Маман тапшылығын шешу үшін мектеп бітіруші түлектерге медицина саласы ұсыныла бастады. Былтыр жоғары оқу орындарымен екі жақты келісім жасалып, облыстық бюджеттен қосымша 60 грантқа қаражат бөлінді. Биыл бұл көрсеткіш екі есе артады.

Бауыржан Сатыбалды, облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:

- 245 маманымыз олар біздің бейінді мамандар. Яғни неонотолог мамандар, кардиохирург, нейрохирург, анестезиолог-реаниматологтар осы мамандарға бізде тапшылық бар. Енді бұны шешу бойынша бізде биылғы жылы жергілікті бюджет арқылы 139 грант бөлу жоспарланып отыр.

Биыл «Диломмен ауылға» бағдарламасы бойынша 75 адамды жұмысқа тарту жоспарланып отыр. Олардың әрқайсысына әлеуметтік көмектен бөлек жайлы жұмыс орны ұсынылмақ. Бұл мақсатта алғашқы көмек көрестуге бағытталған 49 нысан жаңадан салынады. Сонымен қатар Сайрам орталық ауруханасымен қоса Сарыағаш, Жетісай, Ордабасы аудандарындағы медициналық мекемелерге күрделі жөндеу жасалатын болды. 

Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Бекмұратов, Самат Нағашбекұлы