Қарағанды облысында жедел жәрдем көліктеріне бейнекамера орнатылды
Қарағанды облысында жедел жәрдем көліктеріне бейнекамера орнатылып жатыр.
Өйткені өткенде науқастың үйіне келген дәрігерлердің соққыға түскені мәлім.
Жалпы былтыр өңірде медицина қызметкерлері емделушілермен 46 рет қақтығысқа түскен.
Жедел жәрдем көлігінің жүргізушісі Санат Аманжолов енді жолға шықпас бұрын бейнекамералардың жұмысын тексереді. Бақылау жүйесі өзі және дәрігерлердің қауіпсіздігі үшін қойылған. Көлікті тізгіндеген екі жылда мұндай жаңашылдық алғаш рет енгізілгенін айтады. Бейнекамералар көлік іші мен сыртын тәулік бойы түсіріп, сақтай алады.
Санат Аманжолов, жедел жәрдем көлігінің жүргізушісі:
- Енді камераларды баяғыдан күттік, кәдімгідей. Өйткені неше түрлі жағдайлар болады. Мынау бізді қарап отыратын камера, мынау жол ережесін бұзбау үшін алдыңғы камера, артта науқастарды қарап отыру үшін камера, сосын ең артында ол арттағы бірнәрсе болып қалса, сондай ситуацияны қарауға камера тұр. Бұл тәулік бойы сақталатын видео. Ол видеоны диспетчерлар қарап отырады және диспетчерлар сақтап отыратын видеолар осы.
Былтыр шұғыл көмек көрсету бригадаларына 40-тан астам шабуыл жасалған. Ал көлік жүргізушісін соққыға жығу дерегі бойынша сот ісі жүріп жатыр. Бұдан бөлек медицина жабдықтарына зақым келген жайттар да бар. Сондықтан, көліктерді бейнекамералармен қамту қажеттіліктен туған шара.
Серік Орынбасаров, облыстық жедел медициналық жәрдем станциясы директорының орынбасары:
- Оның бірінші мақсаты жол ережесін бұзбауға, сақтауға екінші мақсаты науқас пен пациенттердің қауіпсіздігі. Бірнеше автокөлікке ол терезені сындырып кетті. Біздің көліктің жүргізушісін соғып кеткен жағдайлар болды. Міне осындай жағдайларды алға алу үшін ертең сот болған кезде де дәлелдеу үшін осы видеокамера орнатқан.
Бүгінде 80 жедел жәрдем көлігі бейнебақылау жүйесімен қамтылды. Енді, аудандардағы техникаларға қойылады. Камералар жүргізушіні де түсіріп отырады. Егер жолдан шығып кетсе немесе ұйықтап қалса дауыс зорайтқыш арқылы ескерту береді. Жалпылай алғанда, бұл шара бригадалардың қауіпсіздігін қамтып қана қоймай, олардың жұмыс сапасын да қадағалайды.
Әнуарбек Мырзатайұлы, Марина Золотарёва, Сайран Акамбаев, Зарина Зулпыхар