Қызылорда облысында 11 дәрігерлік амбулатория жаңадан салынады

Биыл Қызылорда облысында 11 дәрігерлік-амбулатория жаңадан салынады.

Ал қаланың өзінде 300 орынды көпбейінді арухана іске қосылады.

М: Былтыр өңірдегі бірқатар денсаулық сақтау нысаны жаңа медициналық құрылғылармен жабдықталды. Қазалы ауданындағы Темір жол ауруханасы да бұрын-соңды болмаған озық технологияға қол жеткізіп отыр. «Ең бастысы – ауыл тұрғындары ем іздеп, өзге қалаларға сабылмайды»,-дейді мамандар.

40 жылдан астам темір жолда тер төккен Жалғасбек Дүзелбаевтың қан қысымы тұрақсыз. Көру қабілеті де нашарлаған. Алайда 64 жастағы зейнеткердің облыс орталығындағы клиникалардың қызметін пайдалануға мүмкіндігі болмады. Қазалыдағы аурухана көз тамырларының асқынуын анықтайтын жаңа медициналық құрылғылармен жабдықталғаннан кейін, дәрігерлер диагнозды дер кезінде анықтап берді,-дейді Әйтеке би кентінің тұрғыны.    

Жалғасбек Дүзелбаев, Әйтеке би кентінің тұрғыны:

- Осы жерден 370 шақырым, барып-қайтуың бар, халықтың кейбірінің қалтасы көтереді, кейбірінің қалтасы көтермейді. Әрі-бері жүру, осы заманда адамға өте қиын.

Қазалылықтар сапалы компьютерлік томографияға түсу үшін Қызылорда, Астана, Алматы қалаларына баратын. Енді бұл мәселе де шешімін тапты. Ең бастысы, қатерлі ісікті бастапқы сатысында анықтауға мүмкіндік туып отыр.  

Ғалымжан Тәжібаев, рентген бөлімінің меңгерушісі:

- Мерзімі өте тез. Бас миын тексеруге 7 секунд кетеді, кеуде мүшелерін, ішкі ағзаларды тексеруге 17 секунд кетеді. Барлығын бір минуттың ішінде адамның бүкіл ішкі ағзаларын тексеруге тез анықтауға. 

Айгүл Құлмағамбетова бас дәрігер:

- Антибиотиктерге сезімталдықты анықтайтын аппарат келді. Ол 23 антибиотиктің сезімталдығын анықтап беретін аппарат. Антибиотиктерді тағайындаған кезде, мысалы, қайсысы әсер етпей тұратын болса, басқа дәріге алмастыру үшін қолданылады.

«Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында өңірде өткен жылы 16 медициналық нысан қолданысқа берілді. Биыл 11 елді мекеннің дәрігерлік-амбулаториясы жаңадан салынып жатыр. Мұнан бөлек, 300 орынды көпбейінді аурухана мен емхананың құрылысы аяқталуға жақын. Биыл қан орталығының да жаңа ғимаратын іске қосу жоспарланып отыр. 

Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин