Дәрігер тапшылығын шешу үшін бірқатар кешенді шара қабылданды
Елімізде әлі де дәрігер тапшы.
Терапевт, анестезиолог-реаниматолог, акушер-гинеколог мамандар жетіспейді. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова мәлімдеді. Оның айтуынша, жалпы 270 мыңнан астам медицина қызметкерінің 80 мыңы дәрігер. Алайда бұл да аздық етеді. Саладағы олқылықтың орнын толтыру үшін бірқатар кешенді шаралар қабылданды.
Министр Ақмарал Әлназарова емдеу нысандарының тозып кеткенін алға тартты. Бұдан бұрын денсаулық сақтау жүйесінің инфрақұрылымын жоспарлау кезінде кемшіліктердің болғанын жасырмады. Олқылықтың орнын толтыру міндет. Медициналық нысандарды заманауи жабдықтармен жарақтандыру және күрделі жөндеу жұмыстары жалғасады. Бірқатар аймақта 6 университеттік клиника, 14 аурухана, 11 перинаталды және 3 ұлттық орталық салынады. Сонымен қатар Денсаулық сақтау инфрақұрылымының цифрлық картасы әзірленбек. Бұл да маман тапшылығын жоюға септігін тигізеді.
Ақмарал Әлназарова, ҚР Денсаулық сақтау министрі:
- Ғимараттардың тозуының жоғары деңгейде болуы өзекті мәселелердің бірі болып қалуда. Жалпы 102000 төсек қорындағы ересектерге арналған 11000 төсек-орынның тиімсіз пайдалануы анықталып отыр. Нәтижесінде өңірлер арасында төсек-орындарымен қамтамасыз ету көрсеткіші бойынша айырмашылық байқалуда. Бұған қоса, 6 өңірде балалар бейіндерінің төсек-орындары артық жүктемемен жұмыс жасап, салдарынан 1200 төсек-орындарының, оның ішінде жүкті әйелдер мен босанған әйелдерге арналған төсек орындарының тапшылығы байқалады.
Бұл тұста Үкімет басшысы өңір әкімдеріне денсаулық сақтау саласына инвестиция тарту қажеттігін тапсырды. Тіпті көшбасшылардың тәжірибесін пайдалануға кеңес берді. Аймақтар арасында Маңғыстау, Ұлытау, Жетісу облыстары денсаулық сақтау саласына инвестиция тарту жағынан кенже қалған. Премьер-Министр салалық нысандарды салу мен жаңғыртуға бағытталған қаражатты неғұрлым тиімді әрі ұтымды жұмсау қажет деді. Ол үшін жан-жақты талдаудан өткізу керектігін баса айтты.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
- Ауруханалардың, емханалардың, университеттердің материалдық-техникалық базасын жақсартатын боламыз. Бұл пациенттер мен персонал үшін қажетті жағдай жасауға және емдеудің жаңа технологиялары мен әдістемелерін дамытуға мүмкіндік береді. Осыған орай бүкіл денсаулық сақтау саласының инфрақұрылымын жаңартуды, жаңа техникамен жарақтандыруды әрі медицина кадрларын даярлауды көздейтін ұзақ мерзімді Тұжырымдама қажет.
Үкімет басшысы еліміздегі денсаулық сақтау мекемелері JCI стандартына сай болуы қажеттігін жеткізді. Әзірге тек 9 медициналық ұйым ғана халықаралық стандартқа сәйкес келеді. Жалпы соңғы 5 жылда 400-ден астам емдеу нысаны бой көтерген. Жыл соңына дейін «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында шалғай елді мекендерде 556 емдеу мекемесі салынады.
Айнұр Қуатқызы, Руслан Әлиев