Қостанайда жылына 10 мыңнан астам адам қан тапсырады
Қостанайда жылына 11-12 мың адам тұрақты түрде қан тапсырады.
Коронавирус пандемиясына байланысты өңірде үш жыл бұрын донорлар саны күрт кеміп кеткен еді.
Тіпті қан тапшылығы туындаған.
Тұрақты түрде келіп қан тапсыратындарды мұндағы мамандар жақсы таниды. Оларға деген құрмет ерекше. Әрине көбі беретін азын аулақ ақшасы мен екі күн демалысын күйттеп келмегені анық. Бірі денсаулыққа пайдалы деп санаса, енді бірі азаматтық міндетім деп біледі. Ал осымен екінші рет қан тапсырып отырған Наталья Цердің донор атануына баласының қайғылы қазасы себеп болыпты.
Наталья Церр, қан тапсырушы:
- Егер менің ұлыма дер кезінде қажетті қан табылып, құйылғанда тірі қалар ма еді. Ондай қайғылы жағдайды ешкімнің басына бермесін, қайталанбасын деп тілеймін. Сондықтан ұдайы қан тапсырамын деп шештім. Мүмкін біреуді аман алып қалуға сеп болар.
Мұнда донордың денсаулығы мұқият тексеріледі. Зертханада қанның әр дозасы скрингтен өтеді. Қанша тұрақты қан тапсырушы болса да, тексерістен қайтадан өтуге міндетті. Оның бастапқы нәтижелері есепке алынбайды.
Елена Иосипенко, қанды тестілеу бөлімінің меңгерушісі:
- Мына жерде иммунологиялық және серологиялық зерттеу жүргізіледі. Автоматтық анализатор қанның құрамын нешінші топқа жататындығын лезде анықтап береді. Сондай-ақ түрлі ауру бойынша зерттеу жүргізіліп, ол мәліметтердің барлығы базаға енгізіледі.
Қостанай қан орталығы отыздан астам медицина ұйымдарын қамтасыз етеді. Қазір қолдағы қор жеткілікті дейді. Қажет кезінде донорларды шақыртып алады екен.
Манарбек Ахметов, Қостанай облыстық қан орталығының директоры:
- Күнде осы қан орталығына 60-70 адам келіп, қан тапсырады. Өте сирек кездесетін резус отрицательный деген группалар бар. Олардың списоктары бөлек. Олар жетпей жатқан кезде адамдарды шақырып, сол қанның құрамын толықтырып отырамыз. Және осы коллективімізде істейтін жүз адамның 89 пайызы өзіміздің донорлар.
Дүниежүзілік қан донорлары күніне байланысты орталықта мерекелік шара өтті. Онда тұрақты қан тапсырушыларға құрмет көрсетіліп, сый-сияпат берілді.
Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг