Оқушы қыздарға жатыр мойыны обырына қарсы вакцина салынады

Елде үшінші тоқсаннан бастап жасөспірім қыздарға жатыр мойыны обырына қарсы екпе салынады.

Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның отырысында репродуктивтік денсаулықты сақтау және нығайту шаралары сөз болды. Мамандардың айтуынша, әлемде жыл сайын 300 мыңға жуық адам жатыр мойны обырынан көз жұмады. Кеселдің алдын алудың бірден-бір жолы вакцина, дейді дәрігерлер. Биыл 175 мың адамға екпе салу жоспарланып отыр. Осы аптада барлық өңірдегі емханаларда ашық есік күні өтіп, отбасы құру мен жүктілікті жоспарлау, инфекцияларды емдеу және одан сақтану бойынша 120 мыңнан астам адамға кеңес берілген.

Шәкизат Халықова, ҚР ДСМ Аналар денсаулығын қорғау басқармасының басшысы:

- Бұл дәлелденген. Әлемнің 175 мемлекетінде бұл вакцина жүргізіліп отыр. Вакцина енгізілген елдерде қазір нақты көрсеткіш бар. Жатыр мойыны обырының төмендегені, содан болатын өлімнің төмендегені. Сондықтан біз насихаттаймыз. Барлық ата-анаға соны айтамыз, жатыр обыры болмас үшін қыз балаларға 11 жастан бастап екпені қабылдауға. Ол екпе 2 рет, 6 айда бір рет салынады. Тегін салынады.