Елімізде эпидемиологтар дайындау ісі қайта жаңғырды
Елде эпидемиологтар дайындау ісі қайта жаңғырды, деп хабарлайды 24kz.
Алматыдағы Санжар Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университетінің болашақ эпидемиолог дәрігерлері бірінші курсты тәмамдады. Санитарлық-эпидемиология мамандарын тереңдетіп оқыту былтыр басталған. Ол үшін арнайы Қоғамдық денсаулық мектебі ашылды. Осыдан біраз жыл бұрын мұндай мамандарды дайындау бойынша сабақтар қысқартылған еді. Алайда 2020 жылы болған пандемия жұқпалы ауруларға қарсы қызмет пен эпидемиологтардың қажеттігін көрсетті. Алматыдағы медициналық университеттің басты мақсаты – сұранысқа сай білімді мамандар дайындау. Студенттер заманауи ғылым мен соңғы жылдардағы тәжірибе бойынша дайындалған оқу бағдарламасы арқылы білім алуда.
Жанат Қожекенова, С.Асфендияров атындағы ҚАЗҰМУ кафедра меңгерушісі:
- Осы бағдарлама бойынша біз Санитарлық-эпидемиологиялық комитетпен тікелей жұмыс істейміз. Сабақтар теориялық және практикалық болып өтеді. Сол аймақтық органдарда студенттер практикасын өтеді. Осы біздің жұмыс берушілермен біз әрдайым байланыстамыз. Осы оқу бағдарламасы бойынша біз дәрігер-эпидемиологтарды дайындаймыз. Бұл жерде бұлар СЭС мамандары болып жұмыс атқарады.