Ұлытауға көшіп келген дәрігерлерді қолдауға 150 млн теңге бөлінді

Ұлытау облысында өзге өңірлерден көшіп келген жоғары білікті дәрігерлерді қолдауға 150 млн теңге бөлінді.

Облыс орталығына немесе қалалық жерге қоныс аударған маманға 5 млн, ал шалғай ауылдарға барған дәрігерге 9 млн теңгеден беріледі. Бұдан бөлек былтырдан бастап резидентура бойынша мамандарды оқыта бастады. Жергілікті билік дәрігер тапшылығын осылай Ұлытау өңірінде дәрігер тапшылығы көптен бері шешімін таппай келеді. Жаңа аймақ құрылғалы сұраныс тіптен артты. Былтырдан бері облыстық мәртебе алған Жезқазған көпбейінді ауруханасында 31 дәрігер жетіспейді. Сондықтан жергілікті билік аймаққа мамандар тарту үшін жеке бағдарлама қабылдады. Осы өңірге көшіп келген мамандарға көтерме ақы және тегін баспана беріледі. 

Аягөз Әбілдаева, облыстық денсаулық сақтау басқармасының маманы:

- 2023 жылы 95 млн, 2024 жылға 150 млн теңге бөлінді. 2023 жылы 19 маман келді, 5 млн-нан барлығына көтермеақы берілді. 2024 жылы ол көтермеақы 5 млн-нан 8 млн теңгеге дейін жоғарылады. Ол мамандар біздің өңірімізде кемінде 5 жыл жұмыс атқаруы керек. 

Шымкент қаласының тумасы Айдар Орынбек - аталған бағдарламаның алғашқы қатысушыларының бірі. Қарағанды медициналық академиясының түлегі мұнда отбасымен бірге келген. 

Айдар Орынбек, невропатолог дәрігер:

- Отбасымызбен келдік. Мен және жолдасым екеуміз де дәрігерміз. Мен невропатолог, ол кісі врач-радиолог. Бір жылда уже үйренісіп кеттік. Халықпен жұмыс істеп, адамдармен жұмыс істегеннен кейін осы жақтың адамдарына сезіндік. Уақыт өте көреміз, но пока 5 жыл бойы осында боламыз. 

Жалпы облысты жоғары медицина мамандарымен толық қамту үшін 66 дәрігер қажет. Әсіресе анестезиолог, реаниматолог, акушер-гинеколог сияқты мамандар қат. Одан бөлек, қазір жұмыс істеп жатқандардың жартысына жуығы зейнеткерлік жасқа жеткендер немесе сол шамаға тақағандар. Сондықтан, облыс қазынасынан жылына 100 млн теңге бөліп, резидентура бойынша жастарды оқыту қолға алынған. 

Аягөз Әбілдаева, облыстық денсаулық сақтау басқармасының маманы:

- 2023-2025 жылдарына резидентурада қазір мамандарды оқытып жатырмыз. 2023 жылы 15 резидент жоғары медицина оқу орындарында оқып жатыр. 2024 жылы 39 маманды оқыту жоспарлануда. Ол мамандар бізде 3 жыл жұмыс атқарады. 

Аймақта медицина мамандарын дайындайтын оқу орны болмаған соң мамандарды әрине өзге өңірлерден шақырады. Бұл ретте облыстық денсаулық сақтау басқармасы Шымкент, Семей және Астана қалаларындағы жоғары медициналық оқу орындарымен келісім-шарт жасаған.

Елдос Кәкенов, Нұрдәулет Аманкешов