Алматыда жасөспірім қыздарға екпе салынады
Алматыда адам папилломасы вирусына қарсы екпемен 11 жастағы 17 мың жасөспірім қызды қамту жоспарланып отыр.
Бұл туралы Онкологиялық орталықтың бөлім меңгерушісі Райхан Болатбекова айтты.
Адам папилломасы вирусы жатыр мойны обырына әкелетіні әлемдік медицинада дәлелденген. Бүгінде бұл қатерлі дерт онкологиялық аурулар бойынша екінші орында тұр. Жыл сайын елде 2 мыңнан аса жатыр мойны обыры анықталады. Дегенмен екпе арқылы аурудың алдын алуға болады, - дейді дәрігерлер.
Адам папилломасы вирусына қарсы екпе ұлттық профилактикалық егу жоспарына енгізілген. Вакциналау осы күзде басталады. Бастысы екпе ата-аналардың жазбаша келісімі негізінде салынады.
Райхан Болатбекова, Онкологиялық орталықтың бөлім меңгерушісі:
- Жыл сайын жатыр мойны обырына қарсы 2 мыңнан астам адам есепке алады. Өкінішке қарай, оның 500-ге жуығы көз жұмады. Ал Алматы қаласында жыл сайын 200-ден астам адамнан осы індет анықталады. Қатерлі ісік тудыратын адам папиллома вирусының 200-ге жуық түрі бар, оның 14-і адам үшін қауіпті. Олар жатыр мойны обырын ғана емес, ауыз қуысы мен сыртқы жыныс мүшелерінің қатерлі ісігін де тудыруы мүмкін.