Ақмола облысында 10 мыңнан астам адам қатерлі ісікке шалдыққан

Ақмола облысының 10 мыңнан астам тұрғыны қатерлі ісікке шалдыққан, деп хабарлайды 24kz.

Жаман ауру тек жыл басынан бері 1200 адамнан анықталды. Науқастар емдеу мекемесіне кеш қаралып, уақытылы тексерілмейді. «Бұл аурудың көбеюіне себеп», - дейді дәрігерлер.

Биыл қатерлі ісіктің алдын алуға арналған шеберлік сағаты аймақта екінші рет өтті. Республиканың түкпір-түкпірінен келген 15 дәрігер бірнеше күрделі операция жасады. Жергілікті дәрігерлерге білгендерін үйретті.

Абай Мәкішев, медицина университетінің онкология кафедрасының меңгерушісі:

- Онкологияны емдеуде бүкіл жер жүзінде 4 емдеу шарты бар. Ол ең бірінші хирургиялық ем, сосын сәулелік ем, химиотерапия және гормонотерапия. Сол 4 емнің барлығы онкология науқастарға бағытталған. Соның ішінде хирургиялық ем үлкен дәрежеде тұр. Сондықтан біз хирургия жағынан осы жерде көмек жасаймыз. Сосын химиотерапия бағытында біздің дәрігерлер дәріс оқиды.

Елордалық онкологтардың операциясын сәтті өткергендердің бірі – Қайыржан Тәжібаев. Ол бір жыл бойы күрделі дертпен күресіп келеді. Қазір өзін жақсы сезінетінін айтады.

Қайыржан Тәжібаев, қала тұрғыны:

- Былтыр жаңа жылдың алдында осы дертімді анықтап, ауруханаға жатқызған. Жаңа жылдың 22-інде жаттым. 4 химия алдым. Одан кейін өз дәрігерім звондап, Астанадан дәрігерлер келіп, мастер-класс өткізді, «сізге операция жасайды», дегесін осында келіп жатқызды. Бәрі жақсы болған сияқты.

Қатерлі ісік жыл сайын бір мыңнан аса облыс тұрғынынан анықталады. Соңғы кезде жаман ауру өрши түскен. Сол себепті көкшетаулық дәрігерлер емдеуде тың әдістер мен жаңа технологиялар пайдаланады. Ал биыл онкологиялық аурухана жанынан ахуалдық орталық ашылды.

Болат Әбішев, көпсалалы облыстық аурухана директорының орынбасары:

- Орталық көмегімен әр науқастың бағытын біліп отырамыз. Яғни, ол тексеруге келіп, емдеудің қандай сатыларынан өтті. Соны қадағалаймыз. Егер одан онкологиялық дерттің белгісі анықталса, дәрігерге қашан қаралды, қандай анализдер тапсырды және бізге қай уақытта келетді. Соның бәрінен хабардар болып отырамыз.

Онкологиялық ауруға күдігі бар пациенттерді тексеру мерзімі де жеделдетілді. «Жасыл дәліз» тәсілі енгізіліп, науқастарға шұғыл көмек көрсетіледі. Яғни, қалаған дәрігерге кіру үшін кезекке тұрудың қажеті жоқ. МРТ және КТ сияқты қымбат қызметтер тегін жасалады.

Авторлары: Абзал Балтабаев, Евгений Шинкаренко