Абай облысының дәрігерлері астаналық әріптестерімен тәжірибе алмасты
Абай облысының дәрігерлері астаналық әріптестерімен тәжірибе алмасып, 20-қа жуық күрделі операция жасады, деп хабарлайды 24KZ. Бұл Қазақстан Президенті іс басқармасының Медициналық орталығымен келісілген меморандум нәтижесінде мүмкін болды. Сонымен қатар елордалық мамандар 3 күн бойы тұрғындарға тегін консультациялар беріп, медициналық оңалтудың түрлі қызметтерін ұсынды.
Қазақстан Президентінің іс басқармасы Медициналық орталығының ғасырға жуық тарихы бар. Сол себепті Абай облысы әкімдігінің осынау мекемемен меморандум жасасуы кездейсоқ емес. Бұл құжат өңір тұрғындарының сапалы медициналық қызмет алуына мүмкіндік береді.
Талғат Молдабеков, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:
- Орталық мамандарына айтар алғысымыз шексіз. 30-дан астам маман өз тәжірибелерін бөлісті. Меморандум аясында жол картасы бойынша жұмыстар жалғасады.
Орталық өкілдері заманауи технологиялардың тілін облыс дәрігерлеріне мейлінше үйретіп, қолданысқа енгізуді жоспарлайды.
Алексей Цой, ҚР ПІБ Медициналық орталығының басшысы:
- Күні кеше бір науқастың жүрегіне күрделі операция жасалды. Жаңа технологияларды пайдалана отырып, бәрін сәтті өткердік. Бұл – астаналық және семейлік дәрігерлердің бірлескен жұмысының нәтижесі.
Шалғайдағы ауыл аймақта тұратындар 3 күн бойы басқа қалаға қатынамай, облыс орталығында тегін консультациялар алды. Эпилептолог, кардиолог және нейрохирург секілді мамандар жұмыс істеді. 20-қа жуық операция жасалып, мыңнан астам дәрігер арнайы семинардан өтті.
Мыңжылқы Бердіқожаев, ҚР ПІБ Медицина орталығы ауруханасы директорының хирургия ісі жөніндегі орынбасары:
- Сонымен қатар дәрігерлер емес, экономикалық жағынан аурухананы қалай жүргізу керектігін үйрететін мамандарымыз бар. Балабақша дәрігерлері бар. Бұл дәрігерлер күніне 20-30, кейбірі тіпті 50-ге дейін науқасты қарап, консультация беріп кетеді.
Жалпы орталық мамандары осы күнге дейін 13 облыста болып 200-ден астам күрделі операция жасады. 300-ге жуық дәріс оқыды.
Авторлары: Рүстем Қайратұлы, Медет Өмірханов.