Елімізде ауыл медицинасын дамытуға ерекше назар аударылып келеді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен ауыл медицинасының ахуалын жақсарту қолға алынды, деп хабарлайды 24kz.

Ауылдағы ағайын оң өзгерісті сезіне бастаған. Былтыр медицина саласын дамытуға 460 млрд теңге бөлініп, оның 40%-і ауыл-аймақтарға жұмсалды. Бүгінде медициналық мекемелері жоқ ауылдарда фельдшерлік-акушерлік пункттер салынып, толық жарақтандырылуда. Осылайша, мемлекет миллионнан аса азаматтың алғашқы медициналық-санитарлық көмекке қол жеткізуін қамтамасыз етіп келеді.

Ұлттық жоба аясында аудандық ауруханалар жаңғыртылып, ауданаралық көпсалалы мекемелер болып қайта құрыла бастады. Оларда инсульт орталықтары, хирургия, реанимация және оңалту бөлімшелері пайда болды. Бұл төрт миллионнан аса азамат үшін медициналық қызметтердің сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Бұдан басқа, телемедицина дамып, шалғай аудандардың тұрғындарына білікті көмек көрсетуге жол ашады.