Ақтауда дәрігерлер науқастарға күрделі операциялар жасап жүр

Биыл Ақтаудағы көпбейінді аурухананың дәрігерлері мыңнан астам адамға күрделі операция жасады.

Кардиохирург, уролог мен нейрохирургтар тың әдісті меңгеріп, озық технологияларды қолданып жүр. Орталық аурухана заманауи медициналық құралдармен жабдықталған. Науқастар бұрынғыдай басқа өңірлерге немесе шетел асып, ем іздемейтін болды.

Орталық аурухана өткен ғасырдың 89-жылдары ашылды. Көпбейінді емдеу мекемесіне тәуелсіздік жылдары 10 операциялық залдан тұратын қосалқы блок жалғанды. Қазір мұнда кардиореанимация, нейрохирургия, жүрек-қантамыр хирургиясы секілді 19 мамандандырылған бөлімше бар. 2014 жылы ангиографиялық зертхана, инсульт орталығы құрылды. Содан бері дәрігерлер жүрек-қан тамырлары дертіне шалдыққан науқастарға да күрделі операция жасап келеді. 

Руслан Бекібаев облыстық көпбейінді аурухананың директоры:

- Жүрекке ашық ота жасау, клапандарды ауыстыру, жүректі ашпай тамыр арқылы клапанды ауыстыру деген сияқты өте күрделі операцияларды біздің мамандарымыз сәтті жасап жатыр. Сонымен қатар нейроинсульттік орталықта да сол бас миының тамырларын жаңа аппаратура арқылы ақауларын табуға болады. Ел арасында «лазер» жеп жүр ғой, қазір біз сондай операцияны да урология жағынан да жақсы дамытып жатырмыз.

- Как здоровье, жалобы есть?

- Да, нет. Все нормально. Все хорошо.

Вадим Недвежаевқа бір тәулік бұрын операция жасалды. Оның екі бүйрегіне суық өтіп, киста пайда болған. Көлік жүргізушісі болып жасайтын ер адам бұған мән бермей, асқындырып алыпты. Шұғыл ем жасап, дерттен сауықтырған дәрігерлерге дән риза.  

Вадим Недвежаев, қала тұрғыны:

- Кеше операция жасалды, дәрігерлер лапороскопиялық тәсілмен екі бүйректегі кистаны алып тастады. Қазір жағдайым жақсы. Жақындарым басқа қалаға баруға кеңес берсе де, жергілікті ауруханаға келуді ұйғардым. Және шешімімнің дұрыс болғанына қуанып отырмын. Екі күннен соң үйге барамын. 

Мұрат Бекхожин, облыстық урология бөлімшесінің меңгерушісі:

- 2023 жылы Маңғыстау облыстық ауруханасы жаңа технологиялармен жабдықталып, урология саласы бойынша көптеген өзгерістерге, жаңа операциялау жөнінде серпін алдық деп айтсақ та болады. Бүйректің ішіндегі тастар, коралл тастар дейміз. Бұл жергілікті жерде жасалмайтын болды. Барлығы Алматы, Астана, Турция көрші елдерге кететін болса, ондай аппаратпен жасауға бізге мүмкіншілік туғаннан кейін қазіргі таңда 1 жыл өтсе де сол лазерлі аппаратпен 100-ге жуық өз бетімізбен операция жасадық.

Айта кетсек, елімізде емдеу мекемелері әр үш жыл сайын аккредиттеуден өтеді. Арнайы сараптама тобы медициналық ұйымға келіп, сыртқы кешенді бағалау жұмыстарын жүргізеді. Ақтаудағы орталық көпбейінді аурухана биыл жоғары санаттағы емдеу мекемелерінің тізіміне енді. 

Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев