Алматыда жүрекке жоғары технологиялық операция тегін жасалды
Алматыдағы Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институты жүрекке жоғары технологиялық операцияларды тегін жасап келеді.
Мысалы, институтта 2022 жылдан бері 8 науқастың жүрегіне LVAD импланты орнатылған. Бұл жүректің сол жақ қарыншасының көмекші құрылғысы. Әр операцияның құны 74 миллион теңге.
Ауру айтып келмейді. Ал ауыр дерттің еміне кететін шығынды көп адамның қалтасы көтере бермейді. Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институты бағасы 74 миллион теңге болатын операцияларды тегін жасаған. Құрылғылар міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының есебінен сатып алыныпты.
Рүстем Төлеутаев, Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ кардиохирургия бөлімшесінің меңгерушісі:
- Бұл әлемде жиі жасалмайтын операция. Әр мемлекет өзіне мұндай оталарды қол жеткізе алмайды. Біздің Қазақстанда мұндай операция, басқа да жүрекке операция осы мемлекеттің тарапынан бөлінген ақшаға сақтандыру қорынан шыққан ақшаға жасалады, тегін.
Алматы облысының тұрғыны Ғаппар Қалиевтің жүрегі 2020 жылы сыр бере бастаған. Облыстық ауруханада кардиостимулятор салдырған. Алайда жүректің қағысы жақсармапты. 2022 жылы Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтында LVAD имплантациясы орнатылыпты.
Ғаппар Қалиев, Алматы облысының тұрғыны:
- Демалуым қиын болды, сосын қарындарым ісіп кете берді, тамақ іше алмадым, аяқта ісік пайда болды, ұйқы қашты, ұйқы болмады. 2022 жылы қазанда осында келіп жаттым. Екі аптада мені емдеді, ісікті қайтарды, салмақ тастатты.
LVAD имплантациясы созылмалы жүрек жеткіліксіздігі кезінде қолданылады. Ол жүрекке қанды тиімді шығаруға және бүкіл денені оттегімен қанықтыруға көмектеседі. Басқа дене мүшелеріне зақым келтірмей қалыпты жұмысын қамтамасыз етеді.
Рүстем Төлеутаев, Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ кардиохирургия бөлімшесінің меңгерушісі:
- Егер адам осындай күрделі диагнозға шалдықса, бұның екі варианты болады. Ол LVAD немесе жүректің трансплантациясы. Енді қазіргі уақытта Қазақстанда қиынырақ жүрек трансплантациясы. Себебі донорлардың тапшылығы бар.
Заманауи құрылғы орта есеппен 15 жылға дейін жұмыс істейді екен. Бұл жүрек трансплантациясы кезегінде тұрған науқастардың өмірін ұзартудың жалғыз мүмкіндігі.
Аршын Кемелжан, Эдуард Кон