Кардиология институты егде жастағы науқастарды емдеудің оңтайлы әдістерін қолдануда

Алматыдағы Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институты егде жастағы науқастарды емдеудің оңтайлы әдістерін тиімді қолданып келеді, деп хабарлайды 24kz.

Солардың бірі – TAVI операциясы. Яғни қолқа қақпақшасын имплантациялау.

Аршын Кемелжан, тілші:

- Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтында аорта қақпақшасын орнату операциясы алғаш рет 2016 жылы жасалған. Содан бері дәрігерлер 70 адамның өмірін сақтап қалыпты. TAVI әлемдегі қымбат операциялардың бірі. Отандастарымыз үшін тегін жасалады. Жоғары технологиялы медициналық көмекті алған пациенттердің бірі – Александр Новиков. 70 жастағы қарт коронавируспен ауырғаннан кейін жүрегі әлсірей бастапты. Тынысы тарылып, әудем жер жүруі мұңға айналған.

Александр Новиков, Алматы қаласының тұрғыны:

- Дәрігерлер жүрегімнің қолқа қақпақшасы нашарлағанын және биологиялық жасанды қақпақша қою керектегін айтты. Толыққанды медициналық сараптама жасалғаннан кейін мені порталға қойып, мемлекеттік квота арқылы TAVI операциясын жасады. Операциядан кейін денсаулығым жақсара түсті, өзімді жақсы сезінемін.

TAVI операциясы үшін орта есеппен 1-2 сағат кетеді екен. Бұл пациенттер үшін жеңіл болғанымен, дәрігерлерден біліктілікті талап етеді. Қолқаның биологиялық қақпақшасы сандағы күретамыр арқылы енгізіледі. Яғни ашық операция жасалмайды. Нәтижесінде қарт адамдар мен созылмалы ауруы бар науқастар операциядан кейін жылдам оңалып кетеді.

Алмат Қалжанов, Кардиология және ішкі аурулар ғзи рентгенхирургы:

- Аорта қақпақшасының критикалық тарылуы көп жағдайда үлкен жастағы науқастарда кездескендіктен оларға ашық кардиохирургиялық операция жасау қаупі жоғары болады. Ол кісілерде пациенттерде кенеттен өлім себебі де жоғары. Сол үшін осындай миниинвазивті әдіс қолданамыз.

Заманауи технологиямен жабдықталған институтта еліміздің барлық өңірінен адамдар келіп ем қабылдайды. Шетелдіктер де бар. Нақтырақ айтсақ, Германия, Польша, Қытай, Куба, Ресей, Грузия, Украина, Әзербайжан, Өзбекстан және Қырғызстан азаматтары емделіпті. 2023 жылы өзге елден 13 науқас келіп емделсе, былтыр олардың саны 25 адамға жеткен.

Авторлары: Аршын Кемелжан, Эдуард Кон