Алматыда дәрігерлер денсаулығы сыр берген әйелдерді аман-есен босандырып жүр
Алматыдағы акушерлік, гинекология және перинатология ғылыми орталығының дәрігерлері денсаулығында кінәраты бар жүкті әйелдерді сәтті босандырып жатыр.
Бұл заманауи әдістер мен дәрігерлердің біліктілігінің арқасында мүмкін болды - дейді мамандар. Былтыр ақ халаттылар босанған 5 мың 600 әйелдің 25 пайызына күрделі операция жасап, ана мен бала өмірін сақтап қалды.
Жүкті әйелдердің шамамен 15-20 процентінде экстрагениталды аурулар кездеседі, - дейді дәрігерлер. Ауру дәрежесі әртүрлі. Жеңіл түрі де, асқынған формасы да бар. Қосалқы аурулар сөзсіз, жүктілік барысына әсер етеді, тіпті қауіп төндіретіндері бар. Акушерлік, гинекология және перинатология ғылыми орталығы соңғы 30-40 жылда экстрагениталды ауруы бар әйелдерді босандыруда жеткілікті тәжірибе жинақтады. Анестезиолог, реаниматолог, уролог мамандардың көмегімен әр әйелге арнайы босану жоспары жасалып, дүниеге дені сау сәбилер келуде.
Әлия Айымбетова, Акушерлік, гинекология және перинатология ҒО басқарма төрағасының орынбасары:
- Бізде көп жыл бойы гемодиализ қабылдаған әйелдер босанды. Сондай-ақ жүрек ақаулары ауыр, жүрекке ота жасалған, бауыр трансплантациясынан өткен, қан құрамында өзгерістері бар әйелдерге де жәрдемдестік. Кейбір аурулармен бала көтеруге болмайды. Алайда соңғы екі жылда жүкті әйелдердің барлығының босануы сәтті өтті.
Алматы облысының тұрғыны Ғазиза Мұхамеджанова үш баласын осы ғылыми орталықта дүниеге әкелген. Симфизит, яғни, жамбас сүйектерін қосып тұратын шеміршектегі патологиялық өзгерістерге байланысты үш баласын да кесе4р тілігі арқылы босаныпты.
Ғазиза Мұхамеджанова, Алматы облысының тұрғыны:
- Аман-есен босандым. Бірінші рет емес, үшінші рет келіп жатырмын. Өйткені, өте білікті мамандар қызмет етеді бұл жерде. Үш баламды да осында босандым. Біріншісі, 2022 жылы кесер тілігімен. Екіншісі 2023 жылы кесер тілігімен босандым. Бәрі жақсы өтті. Барша ұжымға, қызметкерлерге рахметімді айтамын үлкен.
Былтырдан бері ғылыми орталықта фетальді хирургия жолға қойылды. Жатырішілік операция арқылы ұрықтың айналасындағы артық суды алу сәтті жүргізілуде. Қазір ғылыми орталық мамандары қосалқы аурулары бар жүкті әйелдерді аман-есен босандырып алуға мүмкіндік беретін әдістерді жетілдіруде.
Гүлжан Көленқызы, Кенже Амраев