Медициналық мекемелердің кредиторлық берешегі төмендеді

Елдегі медициналық мекемелердің кредиторлық берешегі 75 млрд теңгеге дейін төмендеді, деп хабарлайды 24KZ. Кейбір емдеу мекемелері қарызды толық көлемде өтеп, қаржылық жағдайын ретке келтірген. Денсаулық сақтау министрлігі енді ауруханалардың жұмысын бақылауға алып, қаражаттың тиімді жұмсалуын қадағалайды.

Бұл Семей қаласындағы облыстық перинаталдық орталық. Мекеме басшылығының айтуынша, акушерлік қызметтер құнының нарықтық бағаға сәйкес келмеуінен орталықтың кредиторлық қарызы көбейген. Сол себепті мекеме былтырдан бастап, медициналық қызметтер құнын өсірген. Тарифті арттырудың арқасында медициналық ұйым қарыздан түгел құтылып, қаржылық жағдайын түзеген. Бұл өз кезегінде перинаталдық қызмет сапасын арттыруға да септігін тигізді.

Марат Исаханов, облыстық перинаталдық орталық директорының орынбасары:

- Бұл орталықтың медициналық қызметтердің ауқымы мен сапасын көтеруге мүмкіндік берді. Біздің мекеменің басты мақсаты – әйелдер мен балаларға сапалы қызмет көрсету және ана мен бала өлімін азайту. Тарифтерді қайта есептеу босандыру көрсеткіштерін жақсартуға, медициналық бұйымдарды алуға қол жеткізді.

Медициналық қызметтер тарифтерін арттырудың арқасында Қонаев қаласындағы облыстық балалар ауруханасының да жағдайы жақсарды. Тарифтер неонатологиялық неврологиялық, аллергологиялық, ревматологиялық қызметтерге артып, әлеуметтік медициналық сақтандыру қорынан бөлінетін қаржы көлемі жоғарылады.

Санат Рысалиев, облыстық балалар ауруханасы директорының міндетін атқарушы:

- Соның ішінде атап өтсек, неонатологиялық күтім үшін нәрестелерге емдеу жағдайлары 35%-ке көтерілді. Тарифтердің өсуі ауруханамыздың қаржылық жағдайының жақсаруына ықпал етті. Бұл мед қызметтердің ауқымды және сапалы жүргізілуіне және неонатолог дәрігерлердің штаттардың көбеюіне мүмкіндік берді.

Алайда мәселе тек тарифте емесі белгілі. Денсаулық сақтау министрлігі кейбір медициналық мекемелерде қаржылық басқару жұмыстарының дұрыс жүргізілмегенін анықтаған. Тексеру шараларының нәтижесінде 11 бас дәрігер жұмыстан босатылды.

Ардақ Амангелдиев, ҚР денсаулық сақтау вице-министрі:

- 75 млрд теңгеге кредиторлық берешек төмендеді. Былтырғы желтоқсанмен салыстырғанда бұл 44%-ке аз. Бұл жұмыс ары қарай жалғасады. 11 бас дәрігер жұмыстан босатылды, 11 жауапкершілікке тартылды. Бұл мәселе ары қарай біздің бақылауымызда болады. Жергілікті атқарушы органдармен жұмыс жасап жатырмыз.

Елдегі емдеу мекемелерінің кредиторлық берешегі әлі де бар. Тиісті шаралардың нәтижесінде ол 75 млрд теңгеге дейін азайтылды. Бұл былтырғы кезеңмен салыстырғанда 44%-ке төмен.

Сәуле Тәжібаева, «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ басқарма төрағасының орынбасары:

- МӘМС енгізілгеннен кейін КТ, МРТ дейміз, сол қызметтердің саны 3 есе ұлғайды, бәсекелестік пайда болды. Сондықтан біз аналитикалық жасай отыра, ол қызметтердің тарифін азайттық. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғаса береді.

Медициналық сақтандыру жүйесі аясындағы кейбір қызметтер құны өскенімен, азаматтар үшін маңызды қызметтер тарифтері өзгеріссіз қалады. Ал Денсаулық сақтау министрлігі енді қаражатты тиімді пайдалануды әрбір бас дәрігер, басқарма басшысы жауап беретіндей деңгейге келтіруді жоспарлап отыр.

Авторы: Қуандық Танабас.