МӘМС мәселесі: ₸351 млрд қаржы дұрыс есептелмеген

351 млрд теңге қаржы дұрыс есептелмеген. Жүргізілген аудит міндетті әлеуметтік медициналық сақтандару қоры есебіндегі былықтың бетін ашты. Бүгін Мәжілістегі Үкімет сағатында мәселе тағы көтерілді. Депутаттар жүйенің жұмысын сапалы ұйымдастыра алмай отырған жауаптыларды сынға алды. Ал жанына дауа таппай дәрігердің есігін тоздырған халықтың жағдайын кім ескереді? Жауаптылар не дейді?

«5 жыл өтсе де, қараша МӘМС-тің тиімділігін көре алмай отыр». Осылай деген депутаттар бүтін бір саланың бетіне салық болған жүйенің шикілігін бұл жолы да жіпке тізді. Мәліметке сүйенсек, кейінгі 3 жылда денсаулық сақтау саласына бөлінген қаржы үш есе артқан. Ал халықтың 47%-нің ғана қызмет сапасына көңілі толады. «Түптеп келгенде ай сайын қалтқысыз қаржы аударып отырған азаматтар зардап шегіп отыр», – дейді халық қалаулылары. Өйткені жүйе есебінен қаржыландырылатын емдеу мекемелері талапқа сай емес. Бірақ оған бас қатырып жатқандары шамалы. Керісінше, қомақты соманы қалтасына басумен әлек.

Асхат Аймағамбетов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- МӘМС бойынша 5 айлық баланың тісін қанқұрттан емдеген екен. 5 айында әлі тісі шықпаған баланың тісін қалай қанқұрттан емдеуге болады. Әлде бұдан да сорақы жағдай. Басқа бір адамның 82 тісі емделген екен. Соған қаражат төлесін деп қорға тиісті есеп берген екен. Бір күнде бір адамға бір аурухана 32 қызмет көрсеттік деп есеп толтырған. Мұндай мысалдар өте көп.

Депуттаттың сөзінше, мұның себебі – МӘМС құрылымындағы әу бастағы кемшіліктер. Өйткені, медициналық ұйымдарға әрбір қызмет үшін қордан ақы аударылады. Ал емделушінің денсаулығына алаңдап жатқан ешкім жоқ. Халықтың сенімі сөнгені де содан. Ал депуттаттардың кейбірі жүйені тез арада ширатпаса, тоқтата тұруды сұрады. Себебі бюджеттің бүйірін тесуге жақын. Бұдан бөлек, қазір елде МӘМС жүйесінен қалыс қалған 3,5 млн адам бар. Оларды қалай, қайтіп сақтандыру да – өзекті мәселе.

Ақмарал Әлназарова ҚР Денсаулық сақтау министрі:

- Бізде 15 категорияға 12 млн жуық халықтың осал топтарына жатуына байланысты мемлекет бұл жүктемені алып, жарнапұлдарды төлеп отыр. Сонымен қатар 5 млн жуық жұмыс берушілер жасап отырған жарнапұлдар. Сонымен қатар бұл 5 млн айлықтарынан 2% төлеп отыр. Қалған 3,5 млн айтып кететін болсақ, тиісті ұсыныстарымызды бердік, 1,2 млн жуық халық 3,5 ішінен шын мәнінде осал топтарға жатады екен. Мұны цифрлық карта дәлелдеп отыр.

Ал ай сайынғы ерікті жарнаның ең төменгі сомасы биыл 4250 теңге болып бекітілді. Бұл елдегі ең төменгі жалақының 5%-і. Келер жылдан бастап МӘМС пен кепілдендірілген тегін медициналық жәрдем біріктіріледі деген жоспар бар. Оған сәйкес әлеуметтік ауруларға күдік туындаған кезде, сондай-ақ онкологиялық скринигтер мәртебесіне қарамастан баршаға тегін көрсетіледі.

Авторы: Назерке Тоқжан.