Елімізде жеткіншектер арасында сколиоз ауруы көбейді
Елімізде жылына 1700-дей адамнан сколиоз анықталады, деп хабарлайды 24kz.
Яғни, соңғы уақытта омыртқа жотасының қисаюы жиі кездесе бастаған. Мамандар осылай деп дабыл қағып отыр. Тіпті тірек-қозғалыс жүйесіндегі ең көп тараған аурулардың біріне айналған. Әсіресе, сколиозға шалдыққан жеткіншектер көп дейді. Оған не себеп?
Ислам Жапарханов ұлына дәрігерлер анасының жатырында сколиоз диагнозын қойғанын айтады. Туа біткен ауруға дауа іздеп, ем-домның сан түрін көрген. Алайда баласы 7 жасқа келгенше кеуде тұсындағы қисайған омыртқа түзеле қоймапты. Енді баласының келісімімен операция жасатпақ.
Ислам Жапарханов, Алматы қаласының тұрғыны:
- Бұған дейін омыртқаны түзететін арнайы киім де кидік. Балам тез шаршап қала береді. Дәрігерлер қисайған омыртқаны тек операция арқылы түзетуге болатынын айтты. Бұғанасы қатпаған осындай кезде жасаған оңтайлы деген соң Алматыдан арнайы осы орталыққа келдік.
Ал, мамандар: «Сколиоздың асқынуы өте қауіпті», - деп отыр. Яғни, кеуде қуысының қисаюы, жүректен тартып, ішкі ағзалардың жұмысын нашарлатады. Сколиоз асқынған жағдайда тек операция арқылы түзеуге болатындығын айтады. «Сондықтан туа біткен қисық омыртқаға бала кезде операция жасау жеңілдеу болады», - дейді дәрігерлер. Жалпы омыртқа ауруларының 52 түрі бар. Дені жұлын мен жүйке тамырлары омыртқа арасында қысылған кезде бірден байқалады екен. Салдарынан адамның белі, аяқ-қолы, басы, тіпті, ішкі ағзаларының ауыру үдей түседі. Бұған түрлі факторлар әсер етуі мүмкін. Компьютер алдында ұзақ отыру, ауыр жүк көтеру де омыртқа ауруына әкеп соғады. Ал, ауыр сөмке арқалап немесе түрлі гаджеттерге телмірудің салдарынан балалар арасында сколиоз көбейген.
Дәулет Байытов, травматолог-ортопед дәрігер:
- Сколиоз – омыртқаның туа біткен және жүре пайда болған қисаюына операция жасаймыз. Оның ішінде балаларға үлкендерге де операция жасалады. Жылына 150-170 адамға операция жасалады. МӘМС бойынша толық тегін. Ортапедия бөлімі былтыр 400-дей операция жасадық. Соңғы жылдары көршілес шет елдерден ем іздеп келіп жатыр. Он сегіз жастан асқан адамдарға осы сколиоз проблемасымен тек біздің клиника жұмыс атқарады. Мұнда балалардың проблемаларымен де айналыса береміз.
Деніміз сау болсын десек, омыртқаны үнемі жаттықтырып отыру қажет. Мамандар осылай деп кеңес береді. Арқа бұлшықеттерін қатайту маңызды. Яғни, бұлшықеттер мықты болса, омыртқаға түсетін салмақ та азаяды. Омыртқа саулығы – жалпы деннің саулығы.
Авторлары: Айнұр Қуатқызы, Ақылбек Есімсейітов