Атырау облысының тұрғындары сортаң жерлерден зардап шегіп отыр
Атырау облысындағы Мақат ауданының тұрғындары тұзды, сортаң жерлерден зардап шегіп отыр, деп хабарлайды 24KZ. Мысалы, Доссор кенті маңындағы сор жазда шаң боп көтеріліп, ауылды басады. Ал қыста ми батпаққа айналады. Мұнай өндіріп отырған ауданның тұрғындары: «Осы сорға айналған аумақты көміп тастаса екен», – дейді.
Бір ғасыр бұрын алғаш мұнай дәл осы Доссорда табылған еді. Кенттің қазіргі ахуалы осындай. Алақандай ауыл сортаң жерде орналасқан. Жел тұрса, тұзды дауыл көтеріліп, иісі қолқаны қабады. «Жаздыгүні тыныстау мүмкін емес», – дейді тұрғындар.
Ғазиз Ғабдуллин, Доссор кентінің тұрғыны:
- Қазіргі таңда мұның зардабы жетеді 113 жылдан бері. Онкологиялық аурушаң боп жатыр халық. Жастай кетіп жатыр. Туа біткен балалар, соның бәрі біздің Доссор кентінде бар деп айтуға болады. Одан бөлек, осы жерде халық тұрып жатқаннан кейін бізді осы жерді қозғап отырмыз тек. Ал айналадағы қаншама кен алаңдары бар жабылып қалған. Сол алаңдардың бәріне, ешқайсысына рекультивация жасалған жоқ.
Бұл мәселе бірнеше жылдан бері көтеріліп, шешімін таппай келеді. Тұрғындардың сөзінше былтыр ірі мұнай компаниясы сор басқан аумақты көмуге қаржы бөлмек болған. Бірақ әлі күнге дейін еш нәтиже жоқ. Аудандық әкімдіктің мәліметінше, сортаң жерлерді игеру үшін құны 11 млрд теңге болатын жоба да жасақталыпты.
Темірбек Іңірбай, Мақат аудандық ТҮКШ, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы:
- Жобаның ішінде осы жерді геотекстильді материалмен үстін көму жұмыстары, сонымен қатар абаттандыру жұмыстары кірді. Тұрғындардың демалыс орталықтары, жеңіл конструктивті затпен, сондаймен жасадық бұл жерге жобаны.
Егер жоба мақұлданса, Мақат ауданындағы 165 гектар сортаң жер көміліп, абаттандырылады. «Бірақ алдымен бұл жерде зерттеу жұмыстары жүргізілуі тиіс», – дейді жауаптылар.
Нұрлан Жантоқов, облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы:
- Ол сордан құтылу өте қиын. Сондықтан барлық егжей-тегжейін тексеріп, содан кейін барып, нақты шешімдер қабылданады. Оны толығымен жабу мүмкін емес. Сондықтан жартылай қалдырып, қалғанының барлығын көму жұмыстарын бастау керек. Сондықтан қазір ғылыми зерттеу жүргізіліп жатыр. Алдағы уақытта бұл мәселе шешіледі.
Сортаң жерді көму жұмыстарының қашан басталатыны белгісіз. Ал қаржы бөлу мәселесі ғылыми зерттеу жұмыстарының нәтижесі белгілі болғаннан кейін ғана көтерілмек.
Авторлары: Асланбек Шығыр, Амантай Мәтенов, Жандос Рахметуллин.