Алматылық кардиохирургтер жүрекке тамыр тікті

Жаңа әдіс арқасында операция сәтті өтті.

Айта кеткен жөн елде жыл сайын жүрекке 400-ге жуық ашық хирургиялық операция жасалады. Олардың дені тегін.

Алматыдағы Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ-да кардиохирургиялық операциялардың барлық түрлері жасалады. Еліміздің ең тәжірибелі мамандары Қазақстанның әр өңірінен және жақын шет елдерден келген пациенттерге көмек көрсетеді. 83 жастағы қария Мұрат Қорабай  инфаркт жағдайында ауруханаға түсті. Жүрек тамырлары ауыр зақымданған. Дәрігерлер шунттау арқылы бұзылған қан тамырларын айналып өтетін қосымша жол жасау керек деп шешті. Сәтті операциядан кейінгі жағдайы тұрақты. Қазір кардиология бөлімшесінде емін жалғастырып, оңалтудан өтіп жатыр.

Мұрат Қорабай, қала тұрғыны:

- «Қазір денсаулығым бұрыннан гөрі тәуірленді. Дем алғанда жақсы болып келе жатыр. Енді біраз өкпе төсіндегі су бар. Сол кететін шығар. Содан кейін Құдайға тәубә, жақсы болып кетемін деген ойым бар. Рақмет, дәрігер сондай өте жақсы».

Соңғы жылдары аса күрделі операциялардың саны өсті. Кардиохирургияда қолқа доғасын протездеу сынды оталармен бірге жүрек трансплантациясы да жасалады. Мамандар жүрек талмасына ұшыраған, ауруы асқынған жандарға көмектесу үшін миокардтың реваскуляризациясы әдісін қолданады.

Рүстем Төлеутаев, кардиохирург:

«Жүрекке қан жетіспеушілігі болғанда сол кезде біз жаңа тамыр жүрекке тігеміз. Содан кейін жүрекке қан еркін барады. Сол кезде жүрек соғысы да жақсарады. Пациенттің шағымдары да кетеді. Сонымен жүректің толықтай жұмысы қалпына келеді. Сондай оталар жасалынады».

Мұндай операциялар дәрігерлердің кәсіби деңгейінің және мамандандырылған жабдықтар мен құралдардың  арқасында жасалады. Жүрек операциясынан кейін науқастар үйге шығарылмайды. Қалыпты өмірге оралу үшін оңалту бөлімшесіне ауыстырылады. «Өйткені адамның қаншалықты тез қалпына келетіні уақытылы оңалтуға байланысты. Осы кезеңдерден өткеннен кейін де пациенттер бір айдан кейін оңалтудың 2-кезеңіне жатқызылады», - дейді дәрігерлер.

А.Садуақас, Р. Жақыпов