Бес жылда Қазақстанға келген медициналық туристер саны 4 есе өсті

Былтыр елімізге 2 мыңнан аса медициналық турист келді, деп хабарлайды 24kz.

Оларға онкология, кардиохирургия, нейрохирургия, репродуктивті медицина, ортопедия және травматология, сондай-ақ стоматологиялық жәрдем көрсетілген. Сапалы медициналық қызмет, заманауи технологиялар, қолжетімді баға. Шетелдік науқастарды тағы не қызықтырады?

Мерей Мұратханқызы сабақтайды.

- Былтыр елімізге 2000-нан аса шетелдік ем алу үшін келді. Мамандар жылына 5000 науқасқа қызмет көрсетуге дайынбыз дейді. Бұл бағытта арнайы халықаралық сертификатталған 9 клиника жұмыс істейді. Соның бірі Академик Батпенов атындағы ұлттық Травматология және ортопедия орталығы.

Мұнда атроскопия және буын алмастыру операциялары жасалады. Бөлім меңгерушісі Ерік Раймағамбетов былтыр 24 шетелдік науқасқа жәрдем берілгенін айтады. Арасында Германия, Сауд Арабиясы, Таиландтан арнайы келгендер бар. Ақылы операциялар кезексіз жасалады.

Ерік Раймағамбетов, Республикалық артроскопия және спорттық жарақаттар орталығының жетекшісі:

- Олар МРТ өту үшін жарты жылға дейін күтуі мүмкін. Бізде ол қолымызда, күнде күнде жасауға болады. Сосын салыстырғанда МРТ данныйлары бізде кем емес жасайды. Сосын біздің технологияларымызды сұрайды ғой. Көбінесе, біздің технологиямыз Еуропада, Америкада бірдей, қоятын импланттарымыз бірдей. Сол себепті олар ақша сақтауы үшін және сапа үшін бізді таңдайды. Біз арнайы атроскопиялық аппаратпен кіреміз. Біз басқа мемлекеттермен салыстырғанда 2-3 есе арзан.

Академик Батпенов атындағы ұлттық Травматология және ортопедия ғылыми орталығының бұл бөлімшесінде былтыр 1500 операция жасалды. Тәжікстаннан келген Юнус Валиев та отандық дәрігерлеріміздің жәрдемін сезінді.

Юнус Валиев, шетелдік науқас:

- Менің жасым 14-те. Өзім Тәжікстандағы Ходжан қаласының тұрғынымын. Батутта секіріп жүріп, аяғымды жарақаттап алдым. Қазақстандық дәрігерім Ерік Қанатұлы маған операция жасады. Қазір жағдайым жақсы. Дәрігерлеріме көп рахмет.

Юнус сіңіріне операция жасату үшін 800 мың теңге төледі. «Өзге елдерде баға 10 есеге дейін қымбат», - дейді мамандар. Ал қазақстандықтар медициналық қызметті МӘМС аясында алады. Бүгінде еліміз JCI сертификатын алған медұйымдар бойынша 25-орында тұр. Халықаралық аккредиттелген клиникалардың 7-еуі Астанада шоғырланған.

Наталья Юшицина, ҚР ДСМ Салидат Қайырбекова атындағы денсаулық сақтауды дамытудың ұлттық ғылыми орталығының жетекшісі:

- Шетелдік туристерді біздегі медициналық қызмет сапасы, баға және дәрігерлердің біліктілігі қызықтырады. Иә, бізден де арзан қызмет көрсететіндер бар. Алайда, сапасы төмен болуы мүмкін. Біздегі медициналық қызмет сапасына мемлекет кепіл береді. Өйткені бізде 9 клиника халықаралық стандартқа сай аккредиттелген. Бұған қоса, ұлттық стандарттар бар. Мамандарымыз клиникалық протокол талаптарын бұлжытпай орындайды және біліктіліктерін үздіксіз арттырып отырады. Бұл көрсеткіш ішкі және сыртқы туристерді тартуға мүмкіндік береді.

Біздің елге санаториялық-курорттық ем алу үшін келетіндер бар. Табиғи ерекшеліктеріміз бен саумал, қымыз сынды ұлттық сусындарымыз да тартымды. Айтпақшы, Қазақстан медициналық туризм бойынша ДДСҰ коалициясына енген. Демек, елге ем іздеп келетін мемлекет өкілдері көбейе береді. Болжам бойынша алдағы 4 жылда жаһандағы медициналық туризм нарығы 111 млрд доллардан асуы мүмкін. Былтыр оның үлесі 47 млрд-қа жуықтады.

Авторлары: Мерей Мұратханқызы, Асхат Қарағойшы