Тұрақты түрде қан беретін донор азайып барады

Елдің қан орталықтарында донор тапшы.

Мәселен, Ақмола облысында тұрақты донорлардың қатары күрт азайып кеткен.

Өңірдегі ауруханалардың қанға деген қажеттілігін өтеу үшін күніне 30 адам қан тапсыру керек. Бірақ қажетті донор жетіспей жатыр.

Дәрігерлер, бұлай жалғаса берсе, қан қоры азайып кете ме деп қауіптенеді.

Көкшетаудағы қан орталығы мамандарының «донор азайып барады» деп алаңдайтын жөні бар. Себебі кез келген адам қан тапсыра алмайды. Бұл дайындықты қажет ететін іс. Оның үстіне донор болғысы келетін адамның денсаулығы жақсы болуы тиіс.

Айнұр Манапова, облыстық қан орталығының дәрігері:

- Көбінесе қан жаңа босанған әйелдерге, жол апатынан зардап шеккендерге және операция жасаған балаларға қажет. Негізі күніне тиісті қорды жүйелі түрде толтырып отыру үшін кем дегенде 30 донор қажет. Ал, қазір тәулігіне ондай адам келмейді.

Көпшілік донор болудан қашады. Халық арасында «қан тапсырсаң, әлсіреп қаласың» деген түсінік бар. Ал бір жылдан астам уақыт тұрақты донор атанып келе жатқан көкшетаулық студент Еркебұлан Дәмерхан мұны жоққа шығарып отыр. Ол жылына кем дегенде 4-5 рет қан тапсырады.

Еркебұлан Дәмерхан, студент:

- Қазіргі кезде көп адамдардың ойынша донор болу зиян деп ойлайды. Негізінде оның ешқандай зияны жоқ. Керісінше, оның пайдасы адамның денсаулығына пайдасы өте көп деп айта аламын. Біріншіден қан тапсырып жүргеннен кейін адамның денесіндегі жүрек қан тамырлары жаңару процесі жүргендіктен, адам жүрек қан тамыры ауруына шалдықпайтын болады. Екіншіден ағза үнемі өзін жаңартып отырғаннан кейін имундық жүйе қайта қалпына келіп, оның жаңару процесі өте қалыпты жүре бастайды.

Қазір аймақта тұрақты қан тапсыратын 5 мыңнан астам донор бар. Олардың басым бөлігі мемлекеттік қызметкерлер, ішкі істер саласының мамандары мен құтқарушылар. Ал қарапайым халықтың белсендігілін арттыру мақсатында қан орталығының дәрігерлері түрлі акция ұйымдастырады.

Айнұр Манапова, облыстық қан орталығының дәрігері:

- Сондай-ақ бізде көшпелі бригада бар. Біз әрқашан кез келген ұйыммен ынтымақтастыққа отыруға дайынбыз. Яғни қан қорын толықтыру үшін жұмыс орындарына көшпелі акциялар ұйымдастырамыз.

Қазір  орталықта 100 литр қан қоры бар. Былтыр 10 мыңнан астам қан тапсырып, нәтижесінде екі мың адамның өмірін сақтап қалды.

Абзал Азаматұлы, Виктор Полянный