Қазақстандық мамандар қан обырын емдеуде елеулі нәтижелерге қол жеткізді

Қан ауруларын негізінен екі үлкен топқа бөледі. Егер ісік сүйек кемігінде пайда болса лейкоз, ал лимфоидты тіндерде қалыптасса, лимфома деп диагноз қойылады.

Емдеудің басты тәсілі – химиотерапия. Ауыр жағдайларда, науқастың бес жыл және одан да көп уақыт өмір сүруіне мүмкіндік беру үшін сүйек кемігін трансплантациялау қажет. Қазақстанда мұндай отаны онкогематологияға маманданған орталықта жасайды. Кейінгі 15 жылда мұнда 700-дей трансплантация жүргізілген.

Вадим Кемайкин, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің штаттан тыс бас гематологы:

- 2019 жылы дәл осы трансплантация бағытында төсек-орын санын арттыру туралы шешім қабылданды, қазір бізде 15 орын бар. Яғни біз жылына 150-180 трансплантация жасауды жоспарлап отырмыз. Бұл Шығыс Еуропа деңгейімен шамалас көрсеткіш болмақ, себебі трансплантация деңгейі 10 миллион халыққа шаққандағы операция санымен өлшенеді. Бұл жақсы нәтиже. Өйткені трансплантация  – бұл күрделі процесс. Біз оған науқасты алдын ала дайындаймыз. Трансплантациядан кейін қалпына келтіру шаралары жүреді. Адам жылдар бойы біздің бақылауда болады.

Екі жыл бұрын Дарияхан Ырғайбековадан сүйек миеломасы анықталған. Өткен жылы атипиялық жасушалардың белсенді өсіп кетуіне байланысты ол сүйек кемігін трансплантациялауға мәжбүр болды. Бүгінде науқас екінші рет химиотерапия курсын аяқтап, қалыпқа келу үстінде.

Дарияхан Ырғайбекова, Астана қаласының тұрғыны:

- Онколог осындай жерде бар деген соң осында келіп, өзім қаралдым. Қан араласқан ауру. Биыл тағы ауырып қалдым. Химиотерапия алып жатырмын қазір. Қазір жақсымын. Врачтарға ризамын.

Былтыр онкогематология орталығында сүйек кемігін трансплантациялау бойынша 73 операция жасалды, 3 мыңға жуық науқасқа ем-дом көрсетілді. Медициналық қызметтер қазақстандықтарға еш ақысыз, кепілдендірілген тегін медициналық көмек аясында көрсетілді.

Айзат Сүлейменова, ҰҒОО №2 онкогематология бөлімінің меңгерушісі:

- Біздің орталыққа еліміздің кез келген аймағынан науқастар келе алады. Олар портал арқылы түсе алады. Науқастың қысқаша қорытындысы біздің почтаға түседі. Біздер қарастырамыз. Сөйтіп оны аймақтағы аурухана порталға қойып, біз қабылдай аламыз. Емнің бәрі барлық науқасқа тегін.

Келесі жылы елорда дәрігерлері қан обырын емдеудің тың әдісі – CAR-T жасушалық терапиясын енгізуді жоспарлап отыр.

Вадим Кемайкин, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің штаттан тыс бас гематологы:

- Тек трансплантациямен шектелмей, келесі қадам – жасушалық технологиялар, КАР-TИ-терапия. Кейінгі 5 жылдың ішінде ол Еуропада ғана емес, Америка мен Азияда да дамып келеді. Бізде бұл жоба былтырдан бастап қолға алынды. Үмітіміз зор, Қазақстан азаматтары биылғы жылдың соңына қарай не 2026 жылдың басында шетелге шықпай-ақ, осы ем түрін елімізде ала бастайды деп ойлаймыз. Жалпы, біз отандастарымыз үшін онкогематология саласындағы сапалы медициналық көмектің Қазақстанда қолжетімді болуы үшін барлығын жасап жатырмыз.

Дәрігерлердің айтуынша, қан обырын ерте сатыда анықтау іс жүзінде өте қиын. Ауру ешқандай белгі бермей, көп жағдайда басқа сырқаттар – анемия, тамақ ауруы, бронхит болып көрінуі мүмкін. Кейде қан құрамындағы өзгерістер тек аурудың өршіп кеткен кезеңінде ғана білінеді. Алайда емді дер кезінде бастаған кезде ұзақмерзімді ремиссияға қол жеткізуге, тіпті кейбір түрлерінде толық сауығып шығуға мүмкіндік туады.

Қуандық Танабас, Абдулхамит Бөлекбаев