Елімізде шала туған нәрестелердің ретинопатиясы белең алды
Елде шала туған нәрестелердің ретинопатиясы белең алды, деп хабарлайды 24kz.
Жыл сайын 20 мыңға жуық сәби ай-күні жетпей дүниеге келсе, соның 40%-і осы ауру анықталады. Сырқатқа небәрі 72 сағаттың ішінде операция жасалуы керек. Дегенмен, отандық дәрігерлер уақыт күттірмейтін шешімдер қабылдап, балаларды көз жанарынан айырылып қалудан сақтап келеді.
Альмира Оразбай, тілші:
- Жадыра Балаубайқызы – Ақмола облысының тұрғыны. Баласы жүктілігінің 30-аптасында дүниеге келген. Диагностика арқылы нәрестеде ретинопатия анықталып, дәрігерлер оны бірден Астанадағы «Ана мен бала» орталығына бағыттаған.
Жадыра Балаубайқызы, Ақмола облысының тұрғыны:
- Балам сол шала туылғандықтан көзінің қарашықтарының қан тамырлары жетіспей қалды деп, соған операция жасалды. Алғаш айтқанда қиын болды, қорқып, шошып кеттік. Бірақ ота сәтті өткендіктен, ештеңе етпейді. Қазір дәрілерін көзіне тамызып жатырмыз, тамызытқыштарын тамызып, арнайы мазьдарын жағып жатырмыз.
Ретинопатия тек шала туған балаларда кездеседі. Ауру тез дамиды. Уақытылы ем жасалмаса, сәби көру қабілетінен айырылуы мүмкін. Ал нәресте бойында осы сырқатты тек арнайы диагностикалық тексеру арқылы анықтауға болады.
Альфия Ғабайдулина, балалар офтальмологы, хирург:
- Ретинопатия – мерзімінен бұрын туған нәрестелердің көру қабілетіне қауіп төндіретін өте қауіпті аурулардың бірі. Мұнда әрбір минут маңызды. Ауруды диагностика кезінде анықтасақ, онда 48 бен 72 сағат аралығында балаға көмек көрсетеміз. Қажетті операцияны жасаймыз.
Екі жыл бұрын 1600-ге жуық ай-күні жетпей туған сәбиге осы диагноз қойылған. Былтырғы статистика оның 34%-ке өскенін көрсетті. Дегенмен қазір Астананың өзінде ретинопатИяны анықтайтын бірнеше медицина орталығы бар. Ал ел бойынша мұндай нысандардың саны 10-нан асады. Яғни, шақалақтар офтальмологиялық скринингтен өтеді. Елімізде операция жасайтын арнайы лазерлі құрылғылар да бар.
Авторлары: Альмира Оразбай, Абдулхамит Бөлекбаев