Ақтау маңынан 25 мың тонна тұрмыстық қатты қалдық шығарылды

Ақтау іргесіндегі өндірістік аймақтардан 25 мың тонна тұрмыстық қатты қалдық шығарылды, деп хабарлайды 24kz.

Осылайша, Каспий жағасындағы қалада рұқсатсыз пайда болған стихиялық қоқыс алаңдары тазартылып жатыр. Ол жерлерге ұзақ жылдар бойы құрылыс алаңдары мен тұрғын үйлерден шыққан түрлі қоқыс тасталған. Жалпы Маңғыстауда тазалық шаралары наурыз айынан бері жалғасып келеді.

Талғат Исламұлы, тілші:

- Бұл – «Таза Қазақстан» эконауқаны аясында қоқыстан арылған алты өндірістік аймақтың бірі. Мұнда ұзақ уақыт құрылыс материалдары мен тұрмыстық қатты қалдықтар заңсыз тасталып келген. Мамандар он гектарға жуық аумақты тазартуға бір айдан астам уақыт еңбек етті. Алдымен арнайы техникамен күреп, ірі қоқыстар Ақтаудан 25 шақырым жердегі полигонға тасылды. Енді коммуналдық мекеме жұмысшылары полиэтилен және қағаз қалдықтарын қолмен жинауға кіріседі.

Жанболат Жақыпов, қалалық ТҮКШ бөлімінің басшысы:

- Арнайы полигонға 25 мың тонна көлемінде қоқыс шығарылды. Ол дегеніміз, 1200 рейс жаңағы арнайы техникалармен жасалып отыр. Қазір қаламызда көптеген құрылыс нысандары жүргізіліп жатыр. Одан бөлек, тұрғындар өздерінің жеке пәтерін жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Сол жақтан шыққан қалдықтарды тасымалдаумен айналысатын жосықсыз азаматтардың осындай бос жатқан алқаптарға әкеліп төгуінен 1-2 күнде жиналған қоқыстар емес. 3-4 жылда жинақталған қоқыстар.

Стихиялық қоқыс алаңдары 25, 29А және жаңадан бой көтерген ықшам аудандар мен «Кіші Оймашы» маңынан анықталған. Тазалық жұмыстарынан бөлек, табиғатты ластаған бір мыңнан аса адамға әкімшілік айыппұл салынды. Тұрғындарды қуантқан жаңалық – қала жағажайлары да күл-қоқыстан тазартылатын болды. Осы мақсатта бюджеттен 20 млн теңге бөлінді. Тендерді ұтқан серіктестік бір айдың ішінде «Самал» мөлтек ауданынан бастап «Жылы жағажайға» дейінгі аумақта теңіз балдырларын, тұрмыстық қалдықтарды жинауға тиіс.

Әсел Балманова, облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы:

- «Мынадай жерде мынадай қоқыс бар» деп халықтың өзі айтып жатыр бізге. Соны бірге тазалауға біздің ендігі мақсатымыз – халықтың өзін сол қоқысты бірге жинауға шақыру. «Ғарыш сапары» космомониторингі нәтижесінде бүгінгі таңда Маңғыстау өңірі Қазақстан бойынша да ең төменгі көрсеткіш біздікі. Бұл мақтанарлық жағдай. Және де мүлдем болмайтын дәрежеге жеткізгіміз келеді.

Жуырда «Қазақстан ғарыш сапары» ұлттық компаниясы Экология және табиғи ресурстар министрлігімен бірлесе, 49 елді мекенді қамтитын 290 мың шаршы шақырым аумаққа мониторинг жүргізген. Нәтижесінде Ақтау еліміздегі ең таза қала атанды. Шаһар аумағынан анықталған 11 қоқыс алаңы кезең-кезеңімен жойылып жатыр. Сондай-ақ Жаңаөзенде заңсыз пайда болған 55 орынды қоқыстан тазарту күн тәртібінде тұр.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев