Кәсіпкерлерге арналған цифрлық экожүйе іске қосылды

Енді әр бизнесмен өз кәсібін онлайн басқара алады. Ол үшін арнайы цифрлық экожүйе құрылды, деп хабарлайды 24kz.

Бүгінде онда 71 мыңнан астам азамат тіркеліп, 2 млн 300 мыңнан аса қызмет көрсетілген. Кәсіпкерлікті қолдаудың тағы қандай тетіктері бар?

Серік Селеубайұлы, тілші:

- Елдегі екі миллионнан астам шағын кәсіпкердің 6%-і ғана өнім өндіреді. Тіпті орта бизнестің көрсеткіші де көңіл көншітпейді. Президент биылғы Жолдауында осылай деді. Мамандар бұған азаматтардың өндіріс бастауға қаражаты жеткіліксіз болуы мен маман тапшылығы себеп екенін айтады. Сондай-ақ басқа салалардың тартымдылығы да қолбайлау болып тұр.

Бауыржан Ысқақ, экономист:

- Сауда айналымы ол жылдам. Табысты тез әкеледі. Ал өндіріс пен ауыл шаруашылығына, басқа да салаларға инвестицияның қайтарым уақыты да ұзақ. Осы да бір әсерін тигізуі мүмкін. Одан кейін инфрақұрылымдар мен тәуекелдердің де әсері бар. Яғни, өндіріс үшін технологиялар, логистика, тұрақты шикізат көзі керек. Ал жалпы Қазақстанның ішкі өңдеу өнеркәсібіндегі үлесі 12-13%-тің ғана шамасында.

Сонымен қатар несиенің қымбаттығы да кедергі. Ал мемлекет бұл мәселені түрлі бағдарламалар арқылы шешуге тырысып келді. Оның ішінде қаржылық және қаржылық емес қолдау тетіктері бар. Бірақ соңғы кезде бизнесті қолдау тәсілдері өзгерген.

Азамат Әмрин, ҚР Ұлттық экономика бірінші вице-министрі:

- Қазір шағын кәсіп иелеріне субсидия беруден нақты сандарға келсек, былтыр 1 трлн теңге шамасында субсидия берілді. Биыл да сол сома жоспарланған. Бірақ біз кепілдік беру шараларына ойысып жатырмыз. Былтыр 310 млрд теңгеге кепілдік берсек, биыл 280 млрд теңгені жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар «Даму» операторы аясында екі қордың жұмысын бастадық. Алғашқысы 7 млрд-қа дейінгі жобаларды қаржыландырса, екіншісі одан қымбаттарына жеңілдетілген несие береді. Негізінен өңдеу, қайта өңдеу және тасымалдау салаларындағы жобаларды қолдау көзделген.

Жыл соңына дейін түрлі кәсіп иелері үшін рұқсаттама алуға қойылатын талаптар жеңілдетіліп, құжат беру мерзімі қысқармақ. Сондай-ақ Еуропа даму банкімен бірге өндірістегі кәсіпкерлерге сервистік қолдау көрсету бағдарламасы қолға алынған. Оның аясында шағын және орта бизнес өкілдеріне отандық және шетелдік мамандар кеңес береді. Бірақ отандық өндірушілердің тауарын тұтынушыға жеткізу де маңызды. Жауапты министрлік бұл мәселені мемлекеттен қолдау алған сауда орындарына талап енгізу арқылы шешкен.

Ернұр Жәутікбаев, ҚР СИМ Сауда комитеті төрағасының орынбасары:

- Мысалы бүгінгі күні бізде қағидаға сәйкес азық-түлік тауарларының 50%-іне сөре беру керек. Егер сіз біздің бағдарлама бойынша қаражат алсаңыз. Ал азық-түлік емес тауарларға 20% сөрені беру керек. Ол біздің міндеттердің бірі болып табылады.

Бұдан бөлек, мемлекет пен бизнестің қарым-қатынасын оңтайландыру мақсатында цифрлық экожүйе құрылған. Мәселен, EgovBusiness порталындағы жеке кабинеті арқылы кәсіпкер мемлекеттік қолдау, төлейтін салықтары туралы ақпарат алып, құжаттарға қол қоя алады. бүгінде 30 қызмет онлайн қолжетімді.

Авторлары: Серік Селеубайұлы, Мадияр Қындыбаев