Түркістан облысында павлония ағашы өсіріле бастады

Түркістан облысында павлония ағашы өсіріледі.

Бірлесу ауылының тұрғыны бес мың түп көшетті осыдан үш жыл бұрын Өзбекстаннан әкеліп екті. Өсу қарқыны жылдам ағаш өңірдегі жасыл желек қорын молайтып, экологияны тазартуда таптырмас шешім, дейді шаруа.

Оразалы Смайылов бар ғұмырын ауыл шаруашылығына арнады. Қазір зейнетте болса да, қол қусырып отырмайды. Өзбекстандық мамандармен кеңесіп, алғашында павлонияның мың түп көшетін еккен. Өскін тамыр жайып, жетілгенше көрші елдің агрономдары көмектесті. Одан кейін тағы төрт мың көшет әкелді. Шаруа павлония ағашы алғашқы екі жылда суды көп ішетінін және ерекше күтіп-баптауды қажет ететінін айтады.

Оразалы Смайылов, шаруа:

- Мынау 2 жылдық, анау 1 жылдық. Бір жылда 6-7-8 метрге дейін барды. Бірінші жылы жанынан шыққан жапырағын жұлып отырады екен бойын өсіріп алу үшін. Күннен нәр алып, суды жапырақтан буғып шығарады. Сөйтіп тез өседі екен. 5-6 жылда бір құлап болады. Сол кезде кесіп алып сатасың. Түбінен қайта шыға береді екен. 60 жылдан 80 жылға дейін өмір сүреді. Сол кезде 12-13 рет кесіп алып, сатуға болады.

Павлония Өзбекстанда жиһаз өндірісінде қолданылады. Одан шыққан өнімге Еуропада сұраныс жоғары, - дейді шаруа. Қазір бізде де есік-терезені осы ағаштан жасайтындар кездеседі. Ағашқа қызығушылық басым. Егер субсидия берілсе, жаппай егуге әбден дайын.

Сүлеймен Жылқыбаев, Келес ауданы әкімінің орынбасары:

- Субсидияның өзінің берілетін тәртібі бар ауыл шаруашылығы министрі бекіткен. Субсидияның ішінде павлония ағашы көрсетілмеген. Алдағы уақытта біз облысқа ұсыныс береміз, олар министрлікке ұсыныс береді. Қолдау тауып жатса, ешқандай мәселе болмайды. Бізде қазір Ошақты ауылынан 500 гектар жерге кәсіпкерлер ниет білдіріп, қазір жер үйлестіру жұмысы жүріп жатыр. Келесі жылдан бастап 500 га ағаш егілетін болады.

Жапырағының диаметрі 50 см болатын ағаштың экологияға да пайдасы орасан. Басқа ағаштарға қарағанда көмірқышқыл газын бойына көп сіңіріп, оттегіні 30 есе артық бөледі деп отыр мамандар. Осылайша аудан атқамінерлері өңірдің жасыл қорын қалпына келтіріп, экологияны жақсарту мақсатында павлонияны көптеп егуді көздейді. 

Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш