Ағаштан түйін түйген шебер: Мұрат Хамитовтың қолөнер әлемі
Көкшетаулық шебер Мұрат Хамитов ағаштың тамырынан керемет бұйымдар жасайды. Әдемілігі өз алдына, мән-мағынасы да ерекше. Оның ішінде қазақ батырларының бейнесі, жан-жануарлар мен ертегі кейіпкерлерінің түр-түрі бар. Шебердің қолынан шыққан туындыларға сұраныс та жоғары, деп хабарлайды 24KZ.
Мұрат Хамитов қолөнермен 2017 жылдан бастап айналысып келеді. Осы уақыт аралығында ағаштың тамырынан 200-ге жуық бұйым жасаған. Оның бәрі – шебердің қиялынан туған туындылар. Бірақ көрсе көздің жауын алатын бұйымдарды сатып, пайда таппайды. Тек өзі үшін жасайды. Ал қолөнерге қажетті бұтақ, тамырларды жақын маңдағы ормандардан жинайды.
Мұрат Хамитов, шебер:
– Өсіп тұрған ағаштарға мен тиіспеймін. Тек қана осындай тамырларды, кеуіп қалған бұтақтарды осылай жинаймын да, бірінші алып келіп қараймын. Неге ұқсайды? Мысалы, ерекше тамырлар болады. Жануар ма? Адам ба? Ағашқа ұқсайды ма? Сосын оны тазалаймын. Сосын ғана жұмыс жасаймын.
Ағаш шеберінің осы туындыларын енді жергілікті жұртшылық та еркін тамашалай алады. Өйткені бірер күн бұрын тарихи-өлкетану музейінде оның жеке көрмесі ашылды. Барлық бұйымдар сонда қойылған.
Мұрат Хамитов, шебер:
– Қарасаңыз, көбі жануарлар. Жасағанда да ерекше олар. Барлығы – табиғи бұйымдар. Тамырларға мен ештеңе қоспаймын. Бөліктерін алып тастаймын. Негізі бәрі сол қалпында.
Шебердің әр туындысы асқан ыждаһатталықпен жасалғаны көрініп тұр. Бұл еңбекті музей мамандары да жоғары бағалайды.
Мейрамхан Уәйұлы, облыстық Тарихи-өлкетану музейінің ғылыми қызметкері:
– Бұл жердегі бір ерекше таңғаларлық жағдай – бұл кісінің табиғатты оята білуі. Табиғатты сезіне білуі және ағаштың түбірінен алған осы ерекше бейнелерден табиғаттың әртүрлі бір бейнесін жасап, соған бір тіл бітіргендей сөйлетіп шығаруы бізді қатты қызықтырды.
Бір ерекшелігі, шебер 27 жыл ішкі істер саласында еңбек еткен. Қазір әскери зейнетте. Десе де мамандығы тарихшы болған соң, тарихи-өлкетану музейіне жұмысқа кірген. Қазір өскелең жастарға өзінің туындысынан бөлек, өлкенің басқа да тарихын айтып, аянбай тер төгіп жүр.
Авторлары: Абзал Азаматұлы, Евгений Шинкаренко