«Taza Qazaqstan» road-эстафетасы: Жамбыл облысындағы жол қоқыстан тазартылып жатыр
«Taza Qazaqstan» Road-эстафетасы аясында Жамбыл облысындағы республикалық маңызы бар автожолдың 500 шақырымы қоқыстан тазартылып жатыр.
Алматы облысынан басталған эко-эстафета өңірге кеше жетті. Табиғат жанашырлары бүгін Тұрар Рысқұлов ауданында болды. Акция аясында қоғамдық қабылдау өтті.
«Taza Qazaqstan» Road-эстафетасы Amanat партиясының бастамасымен жүзеге асып жатыр. Экоакция қатысушыларының бүгінгі таңы спорттық шарамен басталды. Тұрар Рысқұлов ауданының белсенділері мен жастар рухы жастар қанатының мүшелері арасында түрлі жарыс ұйымдастырылды. Одан соң еріктілер тазалық жұмысына кірісті.
Сәкен Ермеков, ерікті:
- Қоқыс тастамауға шақырамыз. Және де өзіміздің еліміздің таза болып, өркендеп өсуіне үлес қосуға тырысып жатырмыз. Осындай жобалардың арқасында талай жас Қазақстанға кішігірім болса да өзінен бастап үлес қосады деген ойдамын.
«Батыс Еуропа – Батыс Қытай» тасжолы бойын қоқыстан тазалауға 100-ге жуық ерікті атсалысты. Бүгін олар Құлан мен Ақыртөбе ауылың арасындағы жолды қоқыстан тазартты. Сондай-ақ автотұрақтар мен кемпингтер аумағы да назардан тыс қалмады. Жастар тұрмыстық қалдықты бірден жүк көлігіне тиеп, қоқыс полигонына жеткізді.
Ақерке Ескендірова, "Жастар Рухы" Жастар қанатының төрағасы:
- Бұл акция жалпы мемлекет басшысының Таза Қазастан жалпы ұлттық жобасы аясында екі жыл қатарынан жүзеге асырылып келе жатыр. Өткен жылы біз Астана-Алматы облысы бағытындағы жол бойын тазартсақ, осы жолы біз Алматы-Қызылорда облысы бағытындағы 1200 шақырым жолды тазартамыз. Жалпы бір апта көлемінде 3 мыңнан астам адам осы тазарту жұмыстарын жүргізеді.
Алматыдан басталған ауқымды шараға мәжіліс депутаттары да үн қосты. Олар жол бойындағы ауылдардың мәселесіне мән беріп, мінберде көтеріп шешуге уәде берді. Мәселен, бүгін олар Ақыртөбе ауылдық округінің тұрғындарымен кездесті.
Мұқаш Ескендіров, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Ауыз су мәселесі болып жатыр. Мәселені шешуге тырысамыз. Себебі 4 мыңға жуық халқы бар екен. Олар сусыз отыра алмайды. Мынау малды екі жағына жайылымға шығаруға өткелдер проблемасы бар екен. Оны да жаңағы жуық арада сұраныс жасаймыз көлік министрлігінен.
Ертең эстафетаны Жуалы ауданының белсенділері қолға алады. Одан әрі Түркістан, Қызылорда облыстарының жастары жалғастырады. Жалпы акция аясында 1200 шақырым жолдың жиегі тазартылмақ.
Мерей Бает, Елдар Байділдә