ШҚО-ның экологиялық ахуалына нақты баға беру қиын – мамандар
Шығыс Қазақстан облысындағы коммуналдық кәсіпорындар мен жылу электр орталықтарында автоматтандырылған экологиялық бақылау жүйесі жоқ, деп хабарлайды 24kz.
«Салдарынан ауаға тарайтын зиянды қалдықтың нақты мөлшерін анықтау мүмкін емес», - дейді мамандар. Айта кетейік, өңірде қоршаған ортаны ластаудан бірінші санатқа жататын 20 зауыт бар. Олардан шыққан түтін желсіз күндері қаланы басып қалады. Биылдыққа екі ай бойы қала көк түтінге оранып тұрды. Экологиялық мәселе қашан шешімін табады?
Облыстың экология департаменті жыл басынан бері қоршаған ортаны қорғауға қатысты 86 заңбұзушылықты анықтады. Оның ішінде ауаға тарайтын зиянды қалдықтың мөлшерден асып кету дерегі көп. «Өңірдің экологиялық ахуалына нақты баға беру қиын», - дейді мамандар. Себебі бақылау жабдықтары тозған, ал біраз өндірісте экологиялық датчиктер орнатылмаған. Тек 11 зауыт ауаның сапасын бақылауға арналған автоматтандырылған жүйе енгізген. Қалған кәсіпорындар бұл мәселені қаржылық тапшылықпен байланыстырып отыр.
Әйгерім Бақтиярова, ШҚО Экология департаментінің бөлім басшысы:
- Белгіленген мерзімнен кешігіп жатқан кәсіпорындар да бар. Олар бұл туралы бізге ақпарат берді. Кейбір кәсіпорындар қазіргі уақытта қазандықтарды кеңейту бағытында жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бірқатары өз жұмысын жол картасына сәйкес жоспарлаған. Олардың басым бөлігінде белгіленген мерзім – 2026 жылдың шілде айы.
Аталған кәсіпорындар онлайн-мониторинг жүйесін келесі жылы қолданысқа енгізуді жоспарлап отыр. Өз кезегінде 22 кәсіпорын жыл сайын ауаға 500 тоннаға дейін зиянды қалдық шығарады. Эколог Дәулет Асанов жергілікті атқарушы органдарға бұл бағыттағы жұмысты жеделдетуге кеңес берді. Қондырғыларды орнатуға қатысты қаржыландыру мәселесінің шешілуі тұрғындардың өмір сапасын жақсарту үшін аса маңызды.
Даулет Асанов, эколог:
- Енді қазір қарап отырсақ, қалада тағы бір апаттық қалдықтар болып жатса, құзыретті органдар тағы да ештеңе істей алмайды. Тағы да департаменттің жалғыз құрылғысын далаға шығарып қойып, соның артынан жүреді. Ақпарат алмаймыз, білмейміз не болып жатқанын, қалай болып жатқанын. Сол үшін автоматтандырылған қосымша датчиктерді тезірек алу керек.
Жергілікті атқарушы органдар қаласының өндірістік аймағына 15 экологиялық датчик орнату жағын қарастырып жатыр. Аталған жабдықтармен қамтамасыз ету үшін байқау жарияланды.
Елена Березинская-Әбілова, «Өскемен тынысы» экологиялық қорғау жүйесінің жетекшісі:
- Қыркүйек айының 17-сінде өңір басшысының қатысуымен өткен кеңесте конкурстық процедураларға өзгерістер енгізу бойынша ұсыныс жасалған болатын. Бүгінгі таңда байқау өткізілді. Бұған қоса, 15 қазан күні өңірге мобильді зертхана келеді деп күтіп отырмыз.
Қазіргі таңда Қазақстан бойынша 77 зауыт пен фабрика атмосфералық ауаның сапасын бақылауға арналған автоматтандырылған мониторинг жүйесіне қосылған. Кәсіпорындардың 85%-і Экологиялық кодекстің талаптары мен нормаларына сәйкес жұмыс істеп жатыр. Ал қалған 15% зауыттың қызметі әлі толық зерттелмеген. «Олардың мұржаларынан шығатын қара түтіннің химиялық құрамы да белгісіз күйінде қалып отыр», - дейді мамандар.