Жамбыл облысында 60 тонна қоқыс шығарылды

Табиғат жанашырлары бұл жолы республикалық маңыздағы автожолдың Жуалы ауданы аумағындағы учаскесін қоқыстан тазартты, деп хабарлайды 24kz.

Акция барысында қоғам белсенділері ауыл жастарымен кездесу өткізіп, ортақ мәселелер бойынша пікір алмасты.

Алматыдан бастау алған эстафета Жуалы ауданына да жетті. 50 ерікті Айша бибі мен Бауыржан Момышұлы ауылдарының арасындағы жолдың бойын қоқыстан арылтты. «Taza Qazaqstan» Road-эстафетасы Amanat партиясының бастамасымен, Экология және табиғи ресурстар министрлігінің қолдауымен екінші жыл қатарынан ұйымдастырылды.

Ерғали Әбуғали, облыстық «Жастар рухы» жастар қанатының төрағасы:

- 30 қыркүйектен басталған тазалық жұмысы Қордай ауданының Алматы облысымен шекаралас аймағынан басталып әр ауданнан 50-ге жуық тұрғындар бар, жастар бар шығып осы маңызы бар автожолдың шетін тазалық жұмыстарын жүргізіп келе жатырмыз. Жалпы мұндағы мақсатымыз – айналамызды, жерімізді, Отанымызды таза ұстау.

«Батыс Еуропа – Батыс Қытай» тасжолымен тәулігіне 25 мыңнан аса көлік қатынайды. Жолдың бойына қоқыс тастап кететіндер көп. Эковолонтерлер кұл-қоқысты жүк көлігіне тиеп, полигонына жеткізді. Жалпы тазалық шарасы Жамбыл облысының 6 ауданы мен облыс орталығында өтті.

Рауан Сапарбай, ерікті:

- Осындай жобаның басталғанына қуаныштымыз. Біз бұл сәтте «Жастар рухы» жастар қанаты эстафетаға белсене қатысып, бей-жай қарап қалмаймыз. Бүгін Шақпақ атаға дейінгі аралықты тазалап өтетін боламыз. Бұл тек қана науқандық жоба емес, бұл қызып жатқан, қайнап жатқан жұмыс.

Экологиялық шара тек тазалық жұмыстарымен шектелген  жоқ. Белсенділер аудан мен ауылдан жиылған 200 жаспен кездесті. Басқосуда өзара пікір алмасып, викториналық ойындар ұйымдастырылды. Шара соңында жастар Жуалы ауданындағы Бауыржан Момышұлы мен Шерхан Мұртазаға арналған мұражайларды аралап, одан әрі Түркістан облысына аттанды.

Авторлары: Мерей Бает, Елдар Байділдә