Қазақстанда қамыс мысығы азайып кетті

Елде қамыс мысығы күрт азайып кетті.

Бұған шөлейтті, батпақты жерлердің тарылуы және оларды экзотикалық аң ретінде сату деректерінің жиілеуі себеп. Мамандар кейінгі жылдары сирек кездескен дәл осындай 11 жануарды қызыл кітапқа енгізді. 

Ал бұған дейін ерекше қорғауға алынған жәндіктердің 19 түрі тізімнен шығарылды. Өйткені олардың кейбірі көбейіп, қалыпты күйге оралса, кейбірі басқа түрдің популяциясы ретінде танылған.

Еркебұлан Смадияров, тілші:

- Климаттық өзгеріс кейбір жануарлардың қалыпты дамуына кері әсер етіп жатыр. Ал адами факторлар жығылғанға жұдырық болды. Ауыл шаруашылығы саласында қолданылатын бірқатар химикат түрі дала санитарларына зиян келтіреді. Соның ішінде ақбас құмай мен қарақұс едәуір азайып кеткен. Ал шөлейтті, балшықты жерлердің құрғап кетуі қамыс мысығына қауіп төндіріп тұр. Оның үстіне бұл жануарды заңсыз сату жиілеген.

Бекжан Бердіқұлов, зоология институтының Орнитология және герпетология зертханасы меңгерушісінің міндетін атқарушы:

- Осы мысықтарды заңсыз аулау, кей кезде оларды ұстап алып, экзотикалық аң ретінде сату фактілері жиілегендіктен осындай қорғау шараларын іске асырдық. Бұл мысық көбіне Алтынемел ұлттық паркінде мекендейді.

Қар барысы 180 басқа жетті

Ақбас құмай, қарақұс пен қамыс мысығынан бөлек, кесірткенің екі түрі және 6 бунақденелі Қазақстанның қызыл кітабына жаңадан енгізіліп отыр. Енді олар ерекше қорғауға алынып, даму барысы зерттеледі. Елде сирек кездесетін жануарлар қатары қазір 217 болды. Қабылданған шаралардың нәтижесінде әрбір түрі біртіндеп көбейіп келеді. Мәселен, қар барысы тоқсаныншы жылдармен салыстырғанда екі есе артып, 180 басқа жетті. 

Бақыт Мұсалиев, орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының бөлім басшысы:

- Қар барысы мен Түркістан сілеусіні, одан бөлек қасқыр, шибөрі аңдары жиі кездеседі. Жануарлар дүниесінің санақ жұмыстары міндетті түрде жүргізіледі. Бұл ғылым бөлімінің бақылауында және аумақтық инспекцияның қатысуымен жүргізіледі. Индикативті жануарлардың санағынан табиғатта қандай өзгерістер болып жатқаны анықталып отырады.

Киіктің қызыл кітаптағы мәртебесі өзгерді

Әлем бойынша сирек кездесетін жануарлардың ішінде қар барысынан бөлек, ителгі, тарғақ, алтынсұлукеш сияқты құстар, сондай-ақ каспий итбалығы мен ақбөкен Қазақстанда мекендейді. Биыл киіктердің саны күрт артып, 4 млн-ға жетіп отыр. Халықаралық табиғатты қорғау Одағы киелі жануардың мәртебесін өзгертті. 

Бекжан Бердіқұлов, Зоология институтының Орнитология және герпетология зертханасы меңгерушісінің міндетін атқарушы:

- Ақбөкеннің есебі бойынша қазіргі саны бірнеше миллионға өсіп кетті ғой. Сондықтан олардың сатысы төмендеген. "Жойылу қаупі жоғары" деген статустан "қаупі жақын" деген. Яғни, қазір олардың популяциясы жақсарды. Қазақстанның жасаған қорғау саясатына байланысты олардың статусы ауысты.

Елде жойылып кеткен жануарлар қайта жерсінеді

Бұдан бөлек ел аумағында жойылып кеткен жануарларды қайта жерсіндіру шаралары жүріп жатыр. Нидерландыдан тұран жолбарысы, ал Мажарстан мен Чехиядан керқұлан жеткізілді. 

Данияр Тұрғамбаев, ҚР ЭТРМ Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің төрағасы:

- Министрліктің халықаралық ұйымдармен ынтымақтастығының арқасында Қостанай облысындағы Алтын дала резерватына "Прага" хайуанаттар бағынан 7 бас Пржевальский жылқысы әкелінді.  2029 жылға дейін 40 бас жылқы әкелу жоспарланып отыр.

19 жануар қызыл кітаптан шығарылды

Қазақстандық "Қызыл кітаптан" 17 жәндік пен 2 ұлу алынып тасталды. Өйткені олардың біразы көбейіп, жетілген. Ал кейбірі ғылыми тұрғыда басқа түрдің популяциясына жатқызылды.

Еркебұлан Смадияров