Ұлытау облысында қазандықтарға сүзгі орнатылды

Сәтбаев қаласындағы жылу станциясының қазандықтарына зиянды газдарды ұстап қалатын заманауи сүзгілер қойылды.

Мамандардың айтуынша, бұл құрылғылар кәсіпорынның қоршаған ортаға тигізетін теріс әсерін айтарлықтай төмендетуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар жылу орталығында қазандықтан ауаға тарайтын шығарындыларды үздіксіз бақылайтын автоматтандырылған жүйе іске қосылған. Жүйе тіркеген деректер онлайн режимде бірден Ұлттық деректер орталығына және облыстық экология департаментіне жолданып отырады. Экологтардың мәліметінше, қазірге дейін тіркелген зиянды газдардың көлемі бекітілген рұқсат шегінен аспаған.

Адам Мамилов, облыстық экология департаментінің басшысы:

- 2026 жылдың алғашқы тоқсанында аталған кәсіпорында жоспарлы тексеріс жұмыстары жүргізіледі. Осыған дейін айтылған ескертулер мен қойылған талаптар орындалды ма, соны анықтаймыз. Жақында орнатылған сүзгілердің қаншалықты тиімді екені сол кезде нақты белгілі болады.