ШҚО-да сирек кездесетін аң -құс саны нақтыланып жатыр
Шығыс Қазақстанда сирек кездесетін және Қызыл кітапқа енген аң-құстардың саны нақтыланып жатыр.
Бұл бағытта Батыс Алтай қорығы мен Катон-Қарағай ұлттық паркінің мамандары арнайы зерттеу жүргізуде. Мамандар орман мен таулы аймақтарға орнатылған фототұзақтар арқылы жиналған деректерді сараптап, сирек кездесетін жабайы жануарлардың мекендейтін орындарын анықтайды. Сонымен бірге қорықшылар таулы аймақтарға көтеріліп, құстардың бұзылған ұяларын қалпына келтіріп, түз тағысына жем-шөп шашып қарайласып жатыр.
Бұл жақында ғана фототұзаққа түскен бейнелер. Қар барысы мен тау ешкілер бейнекамерадан еш қаймықпайды. Мамандар мұндай заманауи құрылғылар қызыл кітапқа енген аңдардың мекені мен санын анықтауға үлкен көмек дейді. Одан бөлек, мамандар сол деректерді нақтылау үшін қалың орман мен тау-тасты аралап шығады.
Бүгінде Қазақстан аумағында сирек кездесетін, қызыл кітапқа енген жабайы жануардың 57 түрі бар. Кейбірінің тіптен жойылып кету қаупі бар. Ондаған жылдар бойы жабайы табиғатты көзінің қарашығындай қорғап жүрген Мұрат Раисов бұл біздің тікелей міндетіміз дейді.
Мұрат Раисов, Өскемен орман шаруашылығының қызметкері:
- Заңсыз аң аулаудың алдын алу мақсатында биылғы жылдары көптеген рейдтер болды. ішкі істер бөлімінің қызметкерлірімен бірге жүргіздік. Қазіргі жағдайда бүгін мотошанамен жүргізіп келіп отырмыз. Осы маңайда жүрген еліктерді көріп қайттық. Мына жоғары қарай судың бойында Сілеусіннің өткен іздері бар екен.
Мамандар жинаған мәлімет бойынша Алтай тауларында 11 қар барысы, 60-тан астам дуадақ, 90-ға жуық ителгі мен 75 бүркіт мекендейді. Орнитолог Сергей Стариков бұл көрсеткішті одан әрі арттыру қажет дейді. Бірнеше жылдан бері ол сирек кездесетін құстардың көші-қон карталарын жасап, олардың популяциясына әсер ететін факторларды зерттеп келеді.
Сергей Стариков, орнитолог:
- Қызыл кітапқа құстардың сирек кездесетін түрлерінің 10%-ы ғана енген, ал іс жүзінде бұл көрсеткіш 70 пайыз болуы тиіс. Себебі соңғы жылдары жабайы құстар тез жойылып барады. Өйткені адами фактордың әсерінен бірінші олардың мекен ететін аймағы жойылып жатыр. Тіршілік ету ортасы тарылған соң олар өзге жақтарға қоныс аударып кетеді.
Жабайы аң-құстарды есепке алу ең біріншіден табиғи тепе-теңдікті сақтауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ аң аулау лимитін жасау үшін де қажет.
Мерхат Әміров, табиғи ресурстар басқармасы басшысының орынбасары:
- Облыс аумағында құстардың 300-ден артық түрі бар. Сонымен қатар сүт қоректілердің 94 түрі бар. Жабайы жануарларды 13 орман шаруашылығы бар қорғайтын. Аумақтық инспекция және құқық қорғау органдарымен қорғалады бұл жануарлардың барлығы.
Елдің шығысындағы қорықтар, табиғи резерваттар мен ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жалпы аумағы миллиондаған гектарды алып жатыр. Осындай кең аумақтарды қорғау бұрын айтарлықтай қиындық туғызатын. Алайда қазіргі заманғы техникалық мүмкіндіктер бұл жұмысты әлдеқайда тиімді етуге жол ашты. Соның ішінде ұшқышсыз ұшу аппараттары (дрондар) табиғатты қорғау ісінде маңызды құралға айналып отыр.
Елдос Кәкенов, Вячеслав Ветлугин, Жігер Бабаханов