Каспий кемеріне тола ма?
Каспий жағадан алыстап барады.
Кейінгі 20 жылда теңіз деңгейі 2 жарым метрге төмендеді. Жергілікті халық үй құлатардай таудай толқынын сағынды. Жарды ұрған теңіздің келешегіне алаңдаулы жұрт көп. Енді шет-шегі көкжиектпен астасып, 5 мемлекеттің аумағына сұғынып жатқан Каспийдің болашағы қандай болмақ? Нендей әрекет жасап жатырмыз? Қолға алған жоба, алға қойған қандай мақсат бар?!
Нұрқанат Қанапия, тілші:
- Каспийдің тартылуы 30-жылдардан бастап байқалған. 1977 жылы ең төменгі деңгейіне түсті. Бірақ 1995 жылы қайта көтерілді. Беріде, яғни 2005 жылдан бастап тағы тартыла бастады.
Ал Орталық Азия климаттық қорының ақпаратына сүйенсек, кейінгі жиырма жылда теңіздің жалпы ауданы 35 мың шаршы шақырымға кеміді. Бұл Израиль мен Катар мемлекеттері қатар сыйып кететін аумақ. Жалпы, өткен ғасырда теңіз екі рет тартылып, қайта толған.
Мереке Әбдірахметов, Қазақ Каспий теңізі ҒЗИ теңіз экспедициясы жасағының бөлім басшысы:
- Соңғы 100 жылда теңіз деңгейі 2 рет жоғары деңгейге көтеріліп, екі төменгі деңгейге өзінің көпжылдық орташа деңгейінен төмендеген болатын. Теңіздің деңгейі 1977 жылы 1 да 28 сантиметр болып тіркелген болатын өзінің көпжылдық деңгейінен төмендеп. Ал 1995 жылы деңгейі теңіздің ең өзінің жоғары деңгейіне көтерілді 1 метр 40 сантиметрге.
Қазір теңіз жағалауының ұзындығы 6 мың шақырымға жуықтайды. Ең ұзын жағалау Қазақстанның еншісінде – 2 320 шақырым. Одан кейін Түрікменстанға – 1 200, Әзербайжанға 955 шақырым тиесілі. Ал Иран 724, Ресей 695 шақырымға иелік етеді. Теңіздің Қазақстан мен Ресейге қарасты солтүстік жағалауындағы орташа тереңдік 5 метрден аспайды. Сондықтан теңіздің тартылуы осы солтүстікте анық байқалады.
КАСПИЙ ТЕҢІЗІ
Қазақстан – 2320 км
Түрікменстан – 1200 км
Әзербайжан – 955 км
Иран – 724 км
Ресей – 695 км
Лаура Базарбай, «Қазгидромет» РМК Каспий теңізі бойынша гидрометеорологиялық зерттеулер басқармасының жетекші ғылыми қызметкері
- 2026 жылдың І тоқсанында Каспий теңізінің деңгейі -29,35 Балтық жүйесі бойынша болып отыр. Яғни бұл дегеніміз 2006 жылдан бастап 2025 жылға дейін теңіз деңгейі 2,37 метрге дейін төмендеді дегенді білдіреді. Осы судың аз болуының есебінен теңіздің деңгейі, яғни шақырым бойынша бізде 30 км-ге дейін кері шегінгендігін айта аламыз.
Ғалымдар Каспийдің тағдыры бірнеше жағдайға тәуелді екенін айтады. Алғашқысы өзен суы. (ГР) Қазір теңізге 130-дан астам өзен құяды. Бірақ ең бастысы Еділ. Еділ судың 86 пайызын береді. Ал Кавказдағы Құраға – 5, ал Жайыққа 3 пайызға жуығы тиесілі. Қалғаны – Терек бастаған ұсақ өзендер.
Каспийге құятын өзендер
Еділ – 86,1%
Құра – 5,1%
Жайық – 2,9%
Терек – 2,4%
Басқа өзендер – 3,5%
Яғни Каспий Еділге түгел байлаулы. Бірақ бүгінде “балығы тайда тулаған” баяғы Еділ жоқ. Бұған дейін Ресей Балық шаруашылығы институты өзен бойында 9 электр стансасы суды бөгеп отырғанын хабарлаған еді. Содан өзеннің кейбір жерінде кеме қайырлап тұр. Жайықтың да ағысы жыл санап кеміп барады.
Лаура Базарбай, «Қазгидромет» РМК Каспий теңізі бойынша гидрометеорологиялық зерттеулер басқармасының жетекші ғылыми қызметкері:
- Жедел деректерге сүйенетін болсақ, 2026 жылдың қаңтарында Махамбет гидробекетінде, яғни Жайық өзенінің ағыны бойынша 82,2 метр куб секундына су ағыны келген. Әрине бұл аз. Жылдан жылға Каспий теңізіне келетін судың мөлшері азайып жатыр.
Әмірхан Кеншімов, техника ғылымдарының кандидаты:
- Волгада, оның әрбір сағасында көптеген су қоймалары бар. Кішігірім өзендер соған келіп құятын, Волганың өзінде де бірнеше үлкен-үлкен су қоймалары бар. Саратовский ГЭС дейді бер жағынан, обшым сондай бөгеп тастаған ғой. Оның үстіне табиғаттың өзгеруіне байланысты ол жақта да құрғақшылық.
Иә, жаһандық жылу теңіз тұрмақ, өзендерді де айналдыра бастады.“Қазгидрометтің” зерттеуі Каспий маңы басқа аймақтарға қарағанда екі есе тез жылып бара жатқанын көрсетті. Яғни кейінгі он жылда жаһанда ауа температурасы орта есеппен +0,19 градус көтерілсе, елде +0,36 градусқа жетті. Ал Каспий маңындағы сынап бағаны +0,51 градус жоғарылады. Соған сай кей жылдары 1 метрден аса су буланып кетеді.
ЖАҺАНДЫҚ ЖЫЛЫНУ
Әлем – +0,19°С
Қазақстан – +0,36°С
Каспий маңы – +0,51°С
МАҢҒЫСТАУ ОБЛЫСЫ
Мереке Әбдірахметов, Қазақ Каспий теңізі ҒЗИ теңіз экспедициясы жасағының бөлім басшысы:
- Климаттың өзгеруі соңғы 30 жылда Қазақстанда ауа температурасы 1,2 градусқа жылыған және жауынның мөлшері 14-15 мм-ге азайғаны қазақстандық климатологтар тарапынан зерттелген. Сондықтан да ғаламдық климаттың өзгеруі теңіздің деңгейіне тікелей әсер етуде.
АЛМАТЫ
Әмірхан Кеншімов, техника ғылымдарының кандидаты:
- Мысалы Волгадан, Жайықтан, ана жақтағы жаңағы Кавказ жақтан келіп түсетін өзендер бар. Солардың барлығы келіп түсіп жатыр ғой. Ол енді жаңағы ұшпаса, буланбаса, Каспийдің деңгейі көтеріле бермей ме? Қазіргі кезде булану келіп түскен сулардан артық болып тұр да. Каспий үшін көлемі үлкен, айдыны үлкен. 100 см деген сөз өте үлкен көлем ғой.
Әзірге теңіздің өздігінен қашан қайта кемеріне келетінін дөп басып ешкім айта алмайды. Мәселені Мемлекет басшысы бірнеше мәрте халықаралық мінберде көтерді. Сөйтіп, Каспийді айнала жатқан бес мемлекет бірлескен бағдарлама әзірлеуге кірісті. Ал біздің елде арнайы ғылыми-зерттеу институты құрылды. Бұл орталық мамандары Каспийді құтқару бойынша ғылыми зерттеулер ұсынуға тиіс.
Нұрқанат Қанапия, Мерей Талап, Нұрбол Ілиясов