Қарағандыдағы этнобаққа 1500 түп ағаш егілді
Бүгін Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» бастамасы негізінде өткен республикалық акциясы аясында Қарағандыдағы этнобаққа 1500 ағаш егілді.
Қаладағы көрнекті орын қарағай, қайың және терек ағаштарымен толықты. Кең ауқымды экологиялық шараға волонтерлер, жастар және тұрғындар қатысты. Бұл тек ағаш егу шарасы ғана емес, елдің экологиялық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам болды.
Этнобақта өткен шараға 5 мыңнан астам адам қатысты. Сенбілікке мемлекеттік қызметшілер, еңбек ұжымдары, тұтас әулет болып келгендер, жастар ұйымдары мен волонтерлер, зейнеткерлер атсалысты. Акцияның мақсаты халықтың қоршаған ортаға деген жанашырлығын арттырып, экологиялық мәдениетті қалыптастыру. Облыс әкімі Ермағамбет Бөлекпаев қатысушыларға алғыс білдіріп, бұл үлкен игі іс екенін атап өтті.
Ермағанбет Бөлекпаев, Қарағанды облысының әкімі:
- «Таза Қазақстан» акциясы екі жылдан бері жүріп жатыр. Бүгін Президенттің қатысуымен тазалық акциясы басталып кетті. Оның ішінде біздің өңір де белсенді қатысуда. «Таза Қазақстан» деген бір күндік жұмыс емес, бір күндік акция емес, ол осылай жүретін акция болады.
Акция тек Қарағандымен шектелмей, облыстың барлық қала мен аудандарында қамтыды. Оған 45 мың адам қатысып, 4500 ағаш егілді. Мұндай қоғамдық игі бастамалар адамдардың туған жерге деген сүйіспеншілігін арттырып, экологиялық мәдениетке баулиды, дейді көпшілік.
БЛИЦ
- Экологиялық мәдениетті қалыптастыру үшін бірінші орайда сана-сезім керек адамдарға және жауапкершілікті ала отыру. Өйткені бұл қоршаған ортада өзіміз емес, сонымен қатар жақындарымыз, басқа да адамдар тұрады.
- Осы жерге жақын арада тұрамын. Күнде кешке қыдырып жүреміз. Төрт ағаш отырғыздым бүгін. Енді келіп, сол ағаштарды суарып, қарап тұратындай өзімізге уәде қойдық.
Биыл облыс көлемінде 60 мың ағаш егу жоспарланып отыр. Сонымен қатар арнайы белгіленген аумақтарға 1 миллионнан астам көшет егіледі. Бұл өңірдің экологиялық ахуалын жақсартып қана қоймай, халықтың өмір сүру сапасын арттыруға да оң ықпал етеді.
Руслан Нұрланұлы, Сайлау Игіліков, Аман Хамит