Павлодарда мектеп пен балабақша жанынан жылыжайлар ашылып жатыр

«Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында Павлодар облысында мектеп пен балабақшалар жанынан жаңа жылыжайлар ашылып жатыр.

Мичурин ауылының оқушылары мен балабақша тәрбиеленушілері демеушілер сыйлаған жылыжайға көкөніс көшеттерін екті. Кішкентай қадамнан басталған игі іс - үлкен өзгерістің көрінісі, дейді ұстаздар қауымы.

Мичурин ауылы кезінде  жеміс-жидек өсіріп, атағы жер жарған үлкен ауыл болған. Сол дәстүр өскелең ұрпақтың еңбегімен қайта жаңғыруы да ғажап емес. Демеушілер сыйға тартқан жылыжайдың ішінде балалар топырақты қопсытып, көшеттерді суарып жүр. Бес жасар Аялла Кожекаева көкөністердің атауын жаңылмай атап, олардың түр-түсін ажырата біледі.

Аялла Кожекаева, балабақша тәрбиеленушісі:

- Біз қызанақ, қияр, пияз және гүлдердің бірнеше түрін ектік. Біздің бақшамызда бәрі әдемі және тәтті болғанын қалаймын.

Ата-аналардың қолдауымен балабақша аумағында жеміс ағаштары өсетін шағын саябақ пайда болды. Онда алма, шие, алмұрт және қарақат пен таңқурай өседі.

Мария Михайлова, Мичурин ауылындағы балабақша жетекшісі:

- Біз ұзақ жыл бойы «Жасыл терезе» акциясын ұйымдастырып келеміз. Ақпан айынан бастап бөлмелердің терезелерінде көшет өсіреміз. Сол көшеттердің тағдыры не болады деген сауал туындайтын. Балалар тұқымынан еккен өсімдіктерді жақсы таниды. Тіпті өздерінің арасында кімнің өнімі жақсы өседі деген бәсекелестік те бар.

Бұл бастаманың бала тәрбиесіне әкелетін пайдасы орасан зор дейді мамандар. Өсімдіктерге күтім жасауды үйреніп, еңбек негіздерімен танысады және табиғатты аялауды үйренеді.

Жеміс Дүйсекенова, аудандық білім бөлімінің басшысы:

- «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында міне Мичурин ауылындағы сәбилер бақшасымен орта мектебіне демеушілер тарапынан үш заманауи жылыжайлар сыйға тартылды. Бұл балалардың экологиялық мәдениетін қалыптастыру және табиғатты аялап-баптауға жауапкершілікті дамытуға мүмкіндік береді.

Облыс бойынша «Таза Қазақстан» жобасы аясында көшет егу мен тазалық жұмыстары барлық мектептерді  қамтыған. Тек Павлодар ауданының өзінде оқушылар қолымен 1000 түп ағаш көшеті егілді.

Қарлығаш Қасиетова, Дәулет Қошқарбаев