Алматыда төмен эмиссиялы аймақ жобасы іске қосылды

Алматыда төмен эмиссиялы аймақ жобасы пилоттық режимде іске қосылды.

Бұл туралы қалалық Экология және қоршаған орта басқармасының өкілдері хабарлады. Әзірге жоба бірнеше көшені ғана қамтиды. Қозғалысқа шектеу қойылмайды. Айыппұл салынбайды. Негізгі мақсат - цифрлық инфрақұрылымды сынақтан өткізу. Сонымен қатар көлік ағыны мен оның  ауа сапасына әсері туралы деректер жинауды көздейді. Сынақ кезеңі жыл соңына дейін жалғасады. Осы аралықта датчиктер деректерді қаншалықты дәл жинайды? Жылдам ақпарат алмасу деңгейі мен инфрақұрылымның дайындығы назарға алынады. Болашақта осы мәліметтерге сүйене отырып, қаланың ауасын жақсартуға мүмкіндік беретін сенімді цифрлық негіз қалыптасады.

Айдана Қасен, "ECO Almaty" ЖШС директорының орынбасары:

- Алматы қаласы мәслихатының шешімімен атмосфералық ауаны қорғаудың қағидалары қабылданған. Ол 4 бағытты қамтиды. Соның біреуі төмен эмиссиялы аймақ құру. Бұл жерде қатты және сұйық отынды пайдалануға шектеу қойылады. 3-санаттағы өндірістік нысандарға ауа тазартқыш сүзгілер мен қондырғылар орнату міндеттеледі. Автобус парктеріне де ауаны ластамауға қатысты бірқатар шаралар бар. Жоба нақты келесі жылдан бастап жүзеге асады.