Бурабайда экопарк құрылысы жүріп жатыр

Көрікті Бурабай ауданының орталығында жаңа экопарк салынып жатыр.

Жоба Президенттің экотуризмді дамыту және экопарктер ашу жөніндегі тапсырмасы аясында жүзеге асырылуда. Аумағы 15 мың шаршы метр болатын демалыс аймағында, жаяу адамдарға арналған жол салынып, қажетті инфрақұрылым тартылған. Амфитеатр, балалар және спорт алаңдары да бой көтереді.

Ана мен бала. Экопарктің құрылысымен танысқан өңір басшысы демалыс аймағына осындай ат берді. Өйткені мұнда олардың жайлы демалуларына барлық жағдай жасалған. Қазір демалыс аймағына мыңға жуық көшет егіліп, маңы абаттандырылып жатыр. Алдағы айда барлық жұмыс аяқталып, парк іске қосылады.

Марат Ахметжанов, Ақмола облысының әкімі:

- Былтыр ғана мәдениет үйін іске қостық. Міне тұр жаңадан салып. Мына жерде үлкен спорт кешені қосылды. Тікелей Президенттің тапсырмасымен жасалып жатыр. Осылардың бәрін бір-бірімен байландырып, үлкен қазіргі заманға, талаптарға сай экопарк жасалып жатыр.

16 теміржол вокзалы жөнделіп жатыр

Курортты аймақтағы теміржол вокзалы да күрделі жөндеуден өтіп жатыр. Бұл туристер ағынының артуына өз септігін тигізбек. Өйткені іргетасы ширек ғасыр бұрын қаланған нысанға соңғы рет 2013 жылы жөндеу жүргізілген. Ғимарат 15 маусымда пайдалануға беріледі.

Өтелбай Бейсенов, Щучинск қаласының тұрғыны:

- Бұрынғымен салыстыруға болмайды. Мынау заманауи. Жан-жақтан бәрі электронды таблосы бар. Бұрын поездардың кестесі қағазда жазулы болатын. Енді қазір таблодан шығатын болды. Сондықтан мұнда келетін кісілер мыңдап, миллиондап келеді қысы-жазы. Сол келген кісілерден енді ұялмай, кеудемізді керіп мақтанышпен айтамыз. 

Жалпы өңірде 16 теміржол вокзалы жөнделіп жатыр. Оның бірі Көкшетауда, қалғаны аудан-ауылдарда орналасқан. Жауаптылардың сөзінше, қазір 9 вокзалдың құрылысы 90 пайызға аяқталып, жақын күндері ел игілігіне беріледі. 

Абзал Азаматұлы, Виктор Полянный