Каспий теңізін сақтауға 3 млн доллар бөлінбек

Фото: depositphotos.com

Жапония Үкіметі мен БҰҰ Даму бағдарламасы Каспий теңізіндегі су деңгейінің төмендеуіне қарсы жаңа жобаны іске қосты, деп хабарлайды, «24KZ».

Бастаманың жалпы құны – 3 миллион АҚШ доллары.

Жоба Қазақстанның Экология және табиғи ресурстар министрлігі мен Су ресурстары және ирригация министрлігімен бірлесіп жүзеге асырылады. Негізгі мақсат – су ресурстарын басқару мен мониторингті жетілдіру, сондай-ақ Каспий маңы елдері арасындағы ынтымақтастықты күшейту.

Бастама Жапонияның Орталық Азиядағы экологиялық тұрақтылық пен су қауіпсіздігін қолдау саясаты аясында қолға алынған. Сонымен қатар жоба Транскаспий халықаралық көлік бағытының экологиялық тұрақтылығын сақтауға бағытталған.

Мамандардың айтуынша, соңғы жылдары Каспий теңізі климаттың өзгеруі, буланудың күшеюі және өзен ағынының азаюы салдарынан тайызданып барады. Бұл экожүйеге, биоалуантүрлілікке және аймақ халқының әл-ауқатына кері әсерін тигізуде.

Жоба аясында Солтүстік Каспийге ерекше назар аударылып, заманауи мониторинг жүйелері мен зерттеу әлеуетін дамыту көзделген. Сонымен қатар экологиялық деректер алмасу және су ресурстарын бірлесіп басқару тетіктері жетілдіріледі.

Жапонияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Ясумаса Ииджиманың айтуынша, Токио Қазақстанды Каспий теңізінің деңгейінің төмендеуіне қарсы күресте қолдауға мүдделі.

Ал БҰҰДБ-ның Қазақстандағы тұрақты өкілі Катаржина Вавьерниа жоба су ресурстарын басқаруды күшейтіп, климаттық өзгерістерге бейімделу бағытындағы ұлттық басымдықтарды қолдауға мүмкіндік беретінін атап өтті.