Ұлттық парктер жаңартылып жатыр
«Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында ұлттық парктер жаңарып жатыр.
Былтыр ерекше қорғалатын аумақтарда 3 млн 700 мың адам демалған. Ұлттық парктерде 180-ге тарта туристік бағыт пен 40-тан астам экосоқпақ жасақталған. Сондай-ақ визит-орталықтар, глэмпинг, кемпингтер мен киіз үй кешендерінің желісі көбейіп келеді. Қазір елде 14-тен астам мемлекеттік ұлттық парк бар. Ал қоршаған ортаның тазалығы азаматтардың өзіне де байланысты. Осы орайда экоағарту ісі де қолға алынған.
Андрей Ким, ҚР ЭТРМ орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті төрағасының орынбасары:
- «Парктер шеруі» республикалық табиғатты қорғау акциясы дәстүрлі түрде өткізіліп тұрады. Оған 280 мыңнан астам адам қатысты. Экологиялық сабақтар, сенбіліктер, ағаш отырғызу және түрлі ағартушылық шаралар ұйымдастырылуда. «Құстар күні» акциясы аясында мектеп аумақтарында құс ұялары орнатылып, бұл іске мыңдаған мектеп оқушысы мен табиғатты қорғау ұйымдарының қызметкерлері тартылады.