Түркістандық журналистер «Таза Қазақстан» экоакциясын өткізді

Түркістандық журналистер «Таза Қазақстан» экологиялық акциясын өткізді.  

Бұл жолы ақпарат құралдарының өкілдері Қаратау тауы баурайындағы бұлақ көздері мен өзен арнасын тұрмыстық қалдықтардан тазартты. Тазалық шарасы "Түркістан – Шолаққорған" автожолы бойындағы табиғаты көркем, тұрғындар жиі демалатын "Жастар бұлағы" аумағында жүргізілді. Акцияға 30-ға жуық журналист қатысып, жүз қапқа жуық қоқыс жинады. Жиналған қалдықтарды арнайы қоқыс полигонына жеткізу жұмыстарын Кентау қаласының тазалық мекемесі өз жауапкершілігіне алды. Іс-шара Қазақстан Журналистер одағы Түркістан облыстық филиалының бастамасымен ұйымдастырылды. Филиал төрағасы Мәлік Дәулетов табиғатты қорғау ортақ міндет екенін айтып, мұндай шаралар қоғамдағы экологиялық мәдениетті қалыптастыруға ықпал ететінін жеткізді. Айтуынша, табиғатқа құрметпен қарау мәдениеті осындай нақты әрекеттер арқылы қалыптасады.

Мәлік Дәулетов, Қазақстан Журналистер одағы Түркістан облыстық филиалының төрағасы:

- Тек қана жан-жақтан хабар таратып, жаңалық жасап қана қоймай, өзіміз де осы тазалыққа үлес қосайық, қоршаған ортаның тазалығына біз де бір күнімізді арнайық, уақытымызды бөлейік деп, сондай ниетпен келіп отырмыз. Шыны керек, өзеннің арнасы, бұлақтың басы қоқысқа толып қалған. Басты мақсатымыз елімізді таза ұстау, қоршаған ортаны таза ұстау, туған мекенімізге құрметпен қарау.